Перейти к содержимому
Главная страница » Қуат Байғожаев, облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі: Болашақтың берік тұғыры

Қуат Байғожаев, облыстық мәслихат төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі: Болашақтың берік тұғыры

Ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы – ел дамуының қазіргі кезеңіндегі қоғамдық-саяси, құқықтық және институционалдық өзгерістерді жүйелі түрде айқындайтын маңызды стратегиялық құжат деп санаймын. Жоба 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Жаңа Ата Заң жобасында зайырлы қоғам қағидаттары толық сақталған. Құжаттың негізгі баптарында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалады, білім мен ғылым, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау негізгі құндылық ретінде көрсетіледі. Заңдағы негізгі ерекшеліктерді атап өтер болсақ, Вице-Президент институты енгізіледі және екі палаталы Парламент тарап, 145 депутаттан тұратын біртұтас «Құрылтай» деп аталатын бір палаталы заң шығарушы орган құрылады. Оның өкілеттілігі кеңейтіліп, рөлі күшейеді. Бұл реформа заң қабылдау процесін жылдамдатып, билік құрылымын жаңғыртуға бағытталған.

Жаңа құжаттың әр бөліміне жеке-жеке тоқталар болсам, «Консти­туцияның кіріспесінде» ұлттық құн­дылық­тар нақты айқындалған. Бұл – мемлекеттілігіміздің берік ірге­тасын нығайтатын маңызды қадам. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығы, Ұлы даладағы мемлекеттермен жалғасқан терең тамырлар нық көрсетілген. Мемлекеттің біртұтас­тығы, аумақтық тұтастығы мен шекара­­лардың мызғымастығы жеке қағидат ретінде белгіленуі Қазақстан Республикасының егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талғанын аңғартады.
Кіріспеде «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидатының бекітілуі азамат­тардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығын айқындайды. Бұл – әділ мемлекеттік басқаруға, заңдылықты нығайтуға және мемлекеттік инсти­туттарға деген сенімді арттыруға бағытталған маңызды бағдар. Сонымен қатар этносаралық және конфессия­аралық келісімге, мәдениет пен білімге, ғылым мен инновацияға, экологиялық жауапкершілікке ерекше мән берілуі қоғамның орнықты дамуына негіз қалайды.
Жалпы алғанда, кіріспе жаңа қоғам­дық шарттың мәнін ашады. Ол халықтың бірлігіне, мемлекеттілікті нығайтуға, әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етуге және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негіз­делген. Бұл – кемелденген, бола­шаққа бағытталған жауапты қоғам­ның айқын бейнесі.
«Конституциялық құрылыстың негіздері» деп белгіленген І бөлімінің «Жалпы ережелер» деп қайта аталуы оның мазмұнын дәлірек ашуға мүмкіндік береді. Бұл бөлімде Қазақстанның басқару нысанының президенттік республика екені нақты айқындалып, мемлекеттік билік тармақ­тарының өзара іс-қимылы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырым­дамасына сәйкес белгіленген.
Әкімшілік-аумақтық құрылымды конституциялық заңмен айқындау нормасы елдің дамуы мен инвестиция­лық тартымдылығын арттыруға бағытталғанымен, аумақтық тұтастық қағидаттарын сақтау қажеттігін де алға тартады. Сонымен бірге егемендік, тәуелсіздік, біртұтастық және басқару нысанының өзгермейтіні туралы норманың негізгі бөлімде бекітілуі Конституцияның мәнін арттыра түседі. Мемлекет қызметінің негіз қалаушы қағидаттары – адам құқықтары, заң мен тәртіп, ұлттық бірлік, халықтың әл-ауқаты, эколо­гиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны сақтау және адами капиталды дамыту – стратегиялық бағдар ретінде айқындалуы да құптарлық.
«Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» атты II бөлімде адам құқықтары мен міндеттері белгі­леніп, «құқық – міндет» теңгерімі нақтыланған. Бұл Жаңа Конституция жобасының адамға бағдарланған сипатын айқын көрсететін өзекті әрі мазмұнды бөлімдердің бірі деп санаймын. Оның «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталуы Конституцияның құқықтық мазмұнын жаңа деңгейге көтереді.
Аталған бөлімде адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары және конституциялық міндеттері біртұтас жүйе ретінде қарастырылған. Мұндай тәсіл құқықтар мен міндеттердің өзара тығыз байланысын көрсетіп, «құқық – жауапкершілік» теңгерімін алға шығарады. Бұл өз кезегінде азаматтық сананы нығайтуға және құқықты іске асыру мәдениетін арттыруға ықпал етеді.
Азаматтық мәселесіне қатысты нормалардың нақтылануы құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының азамат­тығында қос немесе көп азаматтыққа жол берілмейтіні және өзге азамат­тықтың болуы азаматтықты тоқтатуға негіз болатыны Конституция деңгейін­де бекітілуі мемлекетке адал­дық, ұлттық қауіпсіздік және жария-құқықтық міндеттердің бір­тұтастығы тұрғысынан маңызды қадам болып саналады.
Өмір сүру құқығының әрбір адам үшін абсолютті және ажырамас құқық ретінде айқындалуы – адам қадір-қасиетін ең жоғары құндылық ретінде танудың нақты көрінісі. Бұл норма мемлекеттік органдардың қызметінде, құқықты қолдану тәжірибесінде және мәжбүрлеу шараларын бағалау кезінде негізгі бағдар ретінде қызмет етеді.
Жеке бас бостандығы мен қол­сұғылмау­шылық кепілдіктерінің кеңей­­тілуі, ұсталған адамның бостан­­дығы мен құқықтарын шектеу негіздерінің түсіндірілуі, сондай-ақ кінәсіздік презумпциясының негізгі құқықтар бөліміне енгізілуі азамат­тарды заңсыз қудалаудан қорғау деңгейін арттырады. Бұл қағидат енді тек қылмыстық іс жүргізу шеңберінде ғана емес, барлық мем­лекеттік органдар мен лауа­зымды тұлғалар үшін міндетті жалпы конституциялық стандартқа айналады.
Адамның қадір-қасиетіне қол­ сұғыл­­­­мауы мен оның заңмен қор­ғалуы­­ның бекітілуі – гуманистік мемлекет қағидаттарының нығаюын білдіреді. Сонымен қатар жеке өмірге қолсұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпия, дербес деректерді қорғау мәселелерінің кеңейтілген түрде бекітілуі қазіргі цифрлық дәуір талаптарына толық жауап береді. Банк операцияларының, электрондық коммуникациялардың, хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлесулердің құпиясын қорғау азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады.
Ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігінің конституциялық деңгейде бекітілуі елдің инновациялық дамуына, білім экономикасын қалыптастыруға және шығармашылық әлеуетті іске асыруға берік құқықтық негіз қалайды. Ақпарат тарату еркіндігіне қойылатын шектеулердің басқа адамдардың құқықтары мен қоғамдық моральды қорғаумен байланыстырылуы еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Еңбек құқығына қатысты норма­лардың нақтылануы әлеуметтік мемлекеттің қағидаттарын күшейтеді. Әр адамның еңбек ету құқығын тану және мемлекеттің осы құқықты іске асыру үшін жағдай жасау жөніндегі оң міндеттемелерін көрсету халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Неке мен отбасы институтына қатысты норманың енгізілуі отбасы­ның тұрақтылығын, ерлі-зайыптылар мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық бағдар болып саналады. Ал білім беру жүйесінің зайырлы сипатының нақты айқындалуы мемлекеттің бейтараптығын сақтай отырып, ар-ождан бостандығымен үйлесімді тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.
Азаматтардың табиғатты сақтау және табиғи байлыққа ұқыпты қарау міндетінің бекітілуі экологиялық жауапкершілікті жалпыұлттық міндет деңгейіне көтереді. Бұл норма елдің ұзақ мерзімді дамуын экологиялық қауіпсіздікпен ұштастыруға бағыт­талған. Сонымен қатар сайлау құқық­тарына қатысты белсенді және пассивті құқықтарды іске асыру шарттарының нақты белгіленуі сайлау жүйесінің адалдығын, әділдігін және қоғам сенімін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, Конституцияның II бөлімі адамның құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп қана қоймай, азаматтың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқын көрсетеді. Бұл – құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құру жолындағы маңызды әрі уақыт талабына сай қадам деп есептеймін.
«Президент» деп көрсетілген келесі бөлім Президент институтына қатысты өзгерістер биліктің сабақ­тастығын, легитимділігін және тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Вице-Президент институ­тының енгізілуі, Президенттің ерікті түрде отставкаға кету тетігінің бекі­тілуі – саяси жүйенің ашықтығы мен жауап­кершілігін арттырады.
Парламенттің (Құрылтайдың) құрылымы мен өкілеттіктерінің қайта айқындалуы, депутаттарды пропорционалды жүйе бойынша сайлау, заң шығару үдерісіне үш оқылым енгізу – кәсіби әрі сапалы заңнаманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Халық Кеңесінің консуль­­­тативтік орган ретінде құрылуы азаматтық қоғамның пікірін мемлекеттік шешімдерге кеңінен тартуға жол ашады.
«Құрылтай» деп аталатын бөлімде оның Қазақстан Республикасындағы заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган ретінде рөлі, конституциялық мәртебесі, өкілеттік мерзімі және қызмет ету қағидаттары айқындалған. Құрылтайдың пропор­циялық сайлау жүйесі негізінде қалып­тасуы әділ әрі тең өкілдікті қамтамасыз етеді.
Бұл бөлімде депутаттардың құқық­тық жағдайына, олардың жауапкершілігі мен этикалық талаптарына ерекше мән берілген. Депутаттардың тиіспеу кепілдігі мен міндеттерінің теңгерімді түрде бекітілуі Құрылтай қызметінің тәуелсіздігі мен тиімділігін артты­рады. Соны­мен қатар, Үкіметке сенім­­сіздік вотумын білдіру, бюджет­тің атқарылуын бақылау және жоғары мемлекеттік лауазымдарға келісім беру тәрізді өкілеттіктер билік тармақ­тары арасындағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтады.
Құрылтайдың заң шығару бастама­сын іске асыру тәртібі, заңдарды қабылдау рәсімдері мен оқылымдардың міндеттілігі заңнаманың сапасын арттыруға бағытталған. Сессиялар мен отырыстардың ашық өткізілуі жариялылық пен қоғам алдындағы есептілікті қамтамасыз етеді. Құрыл­тай­дың халық мүддесін қор­ғау­дағы шешуші рөлін күшей­тіп, құқықтық мемлекет пен демократиялық бас­қарудың берік инсти­туционалдық негізін қалыптастырады.
VI бөлім – «Қазақстан Халық Кеңесі» деп аталады. Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі халық пен мемлекет арасындағы диалогты күшейтеді. Бұл органның ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайта түспек.
Қазақстан Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы мен референдум ұсыну құқығының берілуі оның Құрылтаймен өзара іс-қимылын кеңейтіп, азаматтардың мүдделерін заңнамалық үдерісте тиімді білдіруге мүмкіндік береді.
VII бөлімде Конституциялық соттың тәуелсіз әрі жоғары конститу­циялық бақылау органы ретіндегі мәртебесі айқын бекітілген. Оның құрамы, тағайындалу тәртібі және судья­лардың дербестігі Конституция­ның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Конституциялық соттың заңдар­дың, халықаралық шарттардың және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін алдын ала және кейінгі тәртіпте қарау өкілеттігі құқықтық тұрақтылықты нығайтады. Азаматтардың өз құқық­тары мен бостандықтарын тікелей қорғау үшін Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігінің көзделуі құқық­тық мемлекеттің маңызды кепілі болып саналады.
Аталған бөлім адам құқықтарын қорғауды күшейтіп, билік тармақтары арасындағы конституциялық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тиімді құқықтық механизм қалыптастырады.
«Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп аталатын бөлімде сот төрелігі мен құқық қорғау тетіктерінің конституциялық негіздері кешенді түрде бекітілген. Сот билігінің тәуелсіздігі, судьялардың дербестігі және сот шешімдерінің бүкіл ел аумағында міндеттілігі құқықтық мемлекеттің басты тірегі ретінде айқындалған.
Бұл бөлімде әділ соттың негізгі қағидат­тары, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, сондай-ақ соттардың Конституцияға қайшы актілерді қолданбау міндеті нақты белгіленген. Прокуратураның заңдылықты жоғары қадағалау функциясы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының тәуелсіз мәртебесі адам құқықтарын қорғауды күшейтеді. Аталған нормалар әділ, ашық және тәуелсіз сот жүйесін қалыптастырып, азаматтардың заң алдындағы теңдігін және құқықтарының тиімді қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» бөлімінде жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың конституциялық негіздері айқындалған. Мәслихат­тардың халық еркін білдіретін өкілді орган ретіндегі рөлі және олардың жергілікті даму, бюджет пен атқарушы органдар қызметін бақылау жөніндегі өкілеттіктері жергілікті деңгейдегі жауапкершілікті күшейтеді.
Әкімдерді тағайындау тәртібінде мәслихаттардың келісім беруі мен сенімсіздік вотумы тетігінің енгізілуі атқарушы биліктің жергілікті қоғам алдындағы есептілігін арттырады. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі басқарудың танылуы азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді тікелей шешуге қатысуына мүмкіндік береді. Бұл бөлім орталық және жергілікті билік арасындағы үйлесім­ділікті сақтай отырып, өңірлердің дербестігін, тұрғындардың белсен­ділігін және аумақтық дамудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағыт­талған.
Жаңа жобаның X бөлімінде Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі нақты және жауапкершілікпен реттелген. Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылдау тетігі азаматтардың тікелей билікке қатысуын қамтамасыз етеді және конституциялық нормалардың тұрақтылығын сақтайды. Сонымен қатар, Конституциялық соттың өзгерістердің Конституцияның негізгі ережелеріне сәйкестігін тексеруі демократиялық кепілдікті күшейтеді және заңнамалық бастамалардың Конституцияға қарсы болмауын қамтамасыз етеді. Мұндай құрылым Қазақстан Республикасының конституциялық тұрақтылығы мен азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған.
«Қорытынды және өтпелі ережелер» атты соңғы бөлімде Конституцияның күшіне енуі мен өтпелі кезеңі, оған дейін қабылданған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдану тәртібі айқындалған. Республикалық референдум арқылы қабылданған Конституция ресми жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді және бұған дейінгі Конституцияның күші тоқтайды. Сонымен қатар, Конституцияға сәйкес қолданыстағы заңдар мен нормативтік құқықтық актілер тек қайшылықсыз бөлігінде сақталады, ал мемлекеттік органдарға оларды жаңа Конституцияға сәйкес келтіру міндеті жүктеледі. Мұндай жүйе құқықтық тәртіптің үздіксіздігін және заңнамалық сәйкестілікті қамтамасыз етеді. Конституция күнінің мемлекеттік мереке ретінде белгіленуі де Ата Заңға деген айрықша құрметті арттырары сөзсіз. Бір сөзбен айтсақ, Жаңа Конституция жобасы елімізді жаңа даму бағытына, өркениет жолына бастайтын, болашаққа берік тұғыр қалайтын жаңа құқықтар мен міндеттердің белгіленуімен дараланды. Мұндай құжаттың құқықтық-саяси салмағы зор болмақ.