Айналдырған бір аптаға жетер-жетпес уақытта ауа райы қырық құбылды. Күн күрт жылып кетіп, жаңбыр жауса, арты қалың қарға айналып, ақтүтек боран буырқанды. Шайдай ашылған күннің ертеңінде қалың тұман түсіп, алдыңдағыны көру мүмкіндігі шектелді. Ауа-райының қолайсыздығынан республикалық маңызы бар «Алматы – Бішкек» автожолының бойында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Себебі Жамбыл облысындағы Қордай асуында соққан қатты бораннан күрежолда автокөлік қозғалысы шектелді. Осыған байланысты «Алматы – Бішкек» жолының аудан аумағынан өтетін 51-143 шақырымы да жабылып, барлық көлік түрінің қозғалысы мүлдем тоқтатылды.
Қиын сәтте қолұшын созу – халқымызға тән асыл қасиет. Аудан әкімдігінің мұрындық болуымен далада қалған жолаушыларға Ұзынағаш ауылының кәсіпкерлері нақты қолдау көрсетті. Аудан орталығында орналасқан «Әдемі» және «Тамаша» дәмханаларының директоры Қалихан Мұқаметхан жолда тұрып қалған көлік жолаушыларына ыстық тамақ ұйымдастырды. Аталған қос дәмхана ұжымы жол бойында аялдайтын арнайы орында қазан көтеріп, шай қайнатып, бірнеше шақырымға созылған жүк көліктеріндегілерге ас-ауқат таратты. Адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетуге қызметкерлерін жұмылдырған кәсіпкер ыстық аспен қатар жолаушыларға жылы сөзімен де демеу болып, көптің алғысын алды.
Аудан әкімінің орынбасары Ақниет Тұрысбекұлының айтуынша, жалпы бұл күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты Жамбыл ауданының аумағындағы республикалық, облыстық маңызы бар және аудандық жолдарда қардан тазарту, тайғаққа қарсы инерттік материал себу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Арнайы техникалар тәулік бойы жұмыс істеп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша күш салды. Елдімекен ішіндегі жолдар да күреліп, көктайғаққа қарсы амал жасалды. Мамандар әсіресе Алматы-Тараз-Шымкент бағытындағы автожолда жүргізушілерге аса сақ болып, қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




