Жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және мәдениеттің конституциялық құндылық ретінде ұсынылуы – өте дұрыс әрі уақытылы бастама деп ойлаймын. Бұл – мемлекет дамуының ұзақмерзімді бағытын айқындайтын маңызды қадам. Себебі, кез келген елдің болашағы ең алдымен оның зияткерлік әлеуеті мен мәдени деңгейіне тікелей байланысты.
Бұл өзгерістер қоғамның демократиялық дамуына ғана емес, елдегі өнер мен мәдениет саласының еркін тыныстауына да тікелей әсер етпек. Конституция жобасындағы 23-баптың 1-тармағында сөз еркіндігімен қатар ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік берілетіні көрсетілген. Бұл норма – демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі. Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызының айтуынша, бұл қағидалар бұрыннан бар болғанымен, оларды Конституция деңгейінде нақты бекіту шығармашылық орта үшін айрықша мәнге ие. «Бұл – мемлекеттің шығармашылық тұлғаға сенім білдіруі, оның еркін ойлауына, еркін ізденуіне жасалған жағдай деп түсінген жөн. Өнер адамы жаратылысынан қалыпқа сыймайды. Еркіндік бар жерде ғана өнер дамиды, жаңа бағыттар мен формалар пайда болады», – дейді ол.
Арайлым Мамырбекқызының пікірінше, шығармашылық еркіндік өнер адамдарына қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеруге, шаблоннан тыс ойлауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде қазақстандық сахнада жаңа репертуарлар қалыптасып, ұлттық және заманауи өнер қатар дамып келеді. Жас композиторлардың тың туындылары сахнаға шығып, отандық орындаушылар халықаралық деңгейде мойындала бастады. Ал 23-баптың 2-тармағында зияткерлік меншік заңмен қорғалатыны көрсетілген. Бұл – өнер адамдары үшін аса маңызды норма. Себебі әрбір музыкалық шығарма, қойылым немесе орындаушылық интерпретация – автордың зияткерлік еңбегінің нәтижесі. «Өкінішке қарай, авторлық құқықтың бұзылуы, әсіресе цифрлық кеңістікте әлі де кездеседі. Кейде композиторлар мен орындаушылар өз еңбегінің әділ өтемін ала алмай жатады. Заң нақты жұмыс істесе, бұл өнер адамына сенім береді әрі жаңа туынды жасауға ынталандырады», – дейді өнер иесі.
Оның айтуынша, зияткерлік меншіктің қорғалуы – тек материалдық емес, моральдық та мәселе. Автордың еңбегі танылып, әділ бағаланған жерде шығармашылық бәсеке артып, өнер сапасы жоғарылайды.
Конституция жобасындағы тағы бір маңызды норма – 40-бап. Онда әрбір азаматтың тарихи және мәдени мұраны сақтауға, ескерткіштерге ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген. Бұл талап мәдениетке деген жауапкершілікті тек мемлекетке емес, бүкіл қоғамға жүктейді. Мәдени мұраны сақтау – тек музей мен архивке қатысты ұғым емес. Ұлттық өнерді қолдау, концерттерге бару, жас ұрпақтың мәдени талғамын қалыптастыру да осы міндеттің бір бөлігі.
Ермұрат Мұқырбай
Еңбекшіқазақ ауданы




