Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Нұргүл Тау бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық Коалициясының мүшелері «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС жұмысшыларымен кездесті.
Ең әуелі өңірлік коалиция жетекшісі Қуат Байғожаев еліміздің саяси өміріндегі тарихи белес саналатын жалпыхалықтық референдумның маңызын атап өтті. Қуат Сұлтанұлының сөзінше, бұл науқан жай ғана дауыс беру емес, бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің бастауы саналмақ.
Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының қалай дайындалғанына тоқталды. Конституциялық комиссия жарты жыл бойы қоғаммен ашық диалог орнатып, мыңдаған азаматтың ұсыныс-тілегін сараптаған. «Тәуелсіздік тамырына балта шабуға бағытталған кез келген қадам заңнамалық тұрғыдан мұқият талдануы тиіс. Жаңа Конституция жобасының бірінші бабынан бастап, барлық 11 бөлімі мен 96 бабына дейін – бәрі Тәуелсіздікті қорғауға бағытталған. Бұл әдеби, мәдени, рухани, ғылыми, экономикалық және саяси тәуелсіздікті, азаматтардың ар – ождан бостанды-ғын, аумақтық тұтастықты, басқа елдермен қарым-қатынасты қамтиды– мұның бәрі жаңа Конституция жобасына енгізілген. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Жаңа Конституция – еліміздің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Ол әділеттілік қағидаттарына негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Біздің міндетіміз – осы тарихи шешімнің маңызын әрбір азаматқа түсіндіру», – деді депутат.
Жалпыұлттық Коалицияның мүшесі Нұргүл Таудың айтуынша, Конституция жобасында заман ағымына сай, жаңа редакцияда алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілген. Технологиялар қарыштап дамыған уақытта адамның жеке деректері мен виртуалды кеңістіктегі қауіпсіздігін конституциялық деңгейде бекіту – уақыт талабы. Бұл өзгеріс әрбір қазақстандықтың киберкеңістіктегі құқығының тапталмауына кепілдік бермек. «Қоғамды толғандыратын тағы бір маңызды мәселе – отбасы институты. Жаңа Конституцияда неке ер адам мен әйел адамның ерікті таңдауы мен тең құқығына негізделген одақ екені айқын көрсетілген. Бұл норма ұлттық құндылықтарымызды сақтап, отбасының қасиетті мәртебесін нығайтуға бағытталған», – деді ол.
Өңірлік коалиция мүшелері еліміздің институционалдық жаңғыру жолында маңызды кезеңнен өткеніне тоқталды. Атап айтқанда, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының нығаюы, Конституциялық Соттың жұмыс істеуі, заңсыз шығарылған активтердің мемлекетке қайтарылуы, ұлттық ресурстарды әділ бөлу қағидатының күшеюі – әділдік пен теңдікке негізделген жаңа саяси мәдениеттің нақты көрінісі екені айтылды. Барлық шешімдер әділдік, теңдік және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік құндылықтарына сүйенетіні атап өтілді.
«Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС –ің еңбек ұжымымен кездесуде сөз сөйлеген «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Нүсіпбекұлы, «Ақ жол» партиясының өкілі, облыстық мәслихатының депутаты Сергей Горяной сынды өңірлік коалиция мүшелері осы шешуші кезеңде Жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызын халық арасында кеңінен түсіндіру үшін облыстағы жетекші қоғамдық-саяси күштердің бірлесуі аса маңызды екенін жеткізді. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС жұмысшылары кездесу соңында ел ертеңіне бей-жай қарамайтындарын білдірді.
Бұған дейін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясын құру жөніндегі республикалық бастама аясында облыстық коалициясы құрылды. Олардың қатарында мәслихат төрағалары мен депутаттары, саяси партия филиалдарының жетекшілері, заңгерлер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар, кәсіподақ және жастар бірлестіктерінің мүшелері бар. Бүгінде коалиция мүшелері облыс аумағында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ерзат АСЫЛ




