Кереге таулы Кеген ауданына облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев ат басын бұрды. Өңір басшысы бастаған атқамінер азаматтардың іс сапары Саты ауылындағы Мәдениет үйіндегі кездесумен жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Медет Исаевпен сала басшылары тұрғынүй құрылыс, ауыз су жүйесінің жұмыстары, білім, әлеуметтік сала, жаңа инвестициялық жобалар бойынша таныстырып, мәліметтер берді. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мұқият тыңдап, жұмыстардың нәтижелі болуына тілектестік білдірді.
Одан соң, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың аудан тұрғындарымен есептік кездесу жиыны өтті. Жиынды мәслихат депутаты Ерғали Талипов жүргізіп отырды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық прокурорлар, ішкі істер органдарының қызметкерлері, аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшыларымен өңір тұрғындары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, ауданның 2025 жылдың 12 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен алдағы атқарылатын жұмыстар туралы аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлының баяндамасы тыңдалды. Әрине, атқарылған жұмыстар аз емес. Алда атқарылатын істер де жеткілікті.
– Бүгін біз ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөнінде есеп беріп, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындау үшін жиналып отырмыз. Ауданымызда биыл 2 айда әлеуметтік салада, инфрақұрылымды дамытуда, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдауда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар шешімін күткен мәселелер де бар, ол бойынша сіздердің пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз аса маңызды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мақсатында инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты шаралар қолға алынады. Бұл жұмыстар өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті өркендетуге және өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуге ықпал етпек. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл шаруашылығы салаларында маңызды жобалар іске асырылып, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы шаралар жалғасын табады. Инвестициялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы ірі кәсіпорындарды тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы жағдай жасалмақ, – деген аудан басшысы әр сала бойынша жеке-жеке тоқталып, сандарды сөйлетті. Аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы толыққанды айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Марат Елеусізұлы ауданның негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығымен тікелей байланысты екенін еске салып, өз сөзінде осы салаға басымдық берді.
– Сонымен қатар, сұлу табиғаты бар ауданымызда туризмді одан әрі дамыту керек, – деген облыс әкімі Марат Елеусізұлы атқарылған жұмыстар мен келер күннің еншісіндегі жоспарларын да ортаға салды. Олқы кеткен жұмыстар да аз емес екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, денсаулық, білім, мәдениет, әлеумет және құқық саласы бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, ауданға кіріс көздерін табуды тапсырды.
Облыс басшысы күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан ауыз су, жол және тағы басқа мәселелер көтерілді. Қойылған сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді. Тұрғындар ойларын да ортаға салды, өз пікірлерімен бөлісті. Жиынның соңында облыс басшысы қорытынды сөз сөйлеп, ауыл ақсақалының ақ батасымен түйінделді.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы жиынға келген азаматтардың арыз-шағымдары, талап-тілектері ескерусіз қалмай, шетінен орындалатынын жеткізді. Жиын барысында басқарма мен аудан әкіміне, орынбасарларына арнайы тапсырма берген облыс басшысы кейбір мәселелер аудан шеңберінде жауабын табуға тиіс екенін ескертті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




