⛅
2°C
Қонаев
Сәрсенбі, Ақпан 11, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ӨМІРІ ­­– ӨЛЕҢ, ЖЫР-ДАСТАН

    10.02.2026
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ӨМІРІ ­­– ӨЛЕҢ, ЖЫР-ДАСТАН
    0
    SHARES
    11
    VIEWS
    Қандай тұнық, қандай сұмдық қарасың, 
    Қарағандар білу керек шамасын. 
    Жарып шығып жүрегімнің арасын, 
    Жаным менің, қайда кетіп барасың? 
    Бір Аллаға аян барар тұрағы,
    Көкіректен жаным күнде шығады.
    Жаным, сені жазғырмаймын бұл үшін,
    Сені тапқан анаң бұған кінәлі,
    – деп өзі де теңіздей толғана­тын, тау суындай тұнық сырымен тыңдау­шысын да өзгеше тебірентетін Есенқұл ақын жайлы сөз болғанда есіме ең алдымен сонау сексенінші жылдар оралады. 
    Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін жас ақынның жанына үйірілушілер көп болатын. Журналистиканы жаңа бастап, өлең өлкесіне енді ғана қадам басқан біз сияқты жастардың Есағаңды пір тұтатыны өз-өзінен түсінікті. Оның әр өлеңін дерлік жаттап алып, сол кездері жиі болып тұратын басқосулар мен сауық кештерінде, басқа да отырыстарда жалындата оқимыз, өзіміздің жаңа өлеңдерімізді де ақын сарабына саламыз.
    Редакциядағы жұмыс күні аяқталған соң ауыл сыртына шығып кетеміз. Көбіне-көп Рәтбек Терлікбаевтың әпке-жездесі тұратын, ал менің туып-өскен ауылым болып саналатын Кировке (қазіргі Үмбетәлі ауылы) тартып кетеміз. Ауылдағы айдын көлдің жағасында, не болмаса қалың бау ішінде алау жағып отырып таң атқанша өлең оқитын едік-ау. Төлеген мен Мұқағалидың, Фаризаның, тағы басқа да ақындардың жырлары кезек-кезек оқылып жан тербейтін. Сондай өлеңдердің қатарында Есенқұлдың да сезімге толы жырларына елітеміз.
    Жүргендей боп жаннаттың гүл бағында,
    Сенің ғана жүруші едік маңыңда.
    Балдай шарап…
    Сұлу қыздар…
    Көл, һауыз…
    Өзімізді сезінуші ек сонда біз,
    Отырғандай Омар Хайям жанында.
    Бұл өлеңді Есағам кейіннен Жұматай Жақыпбаевқа арнап жазыпты. Шындығында бұл өлең біздің дәл сол бір сәттегі көңіл-күйімізге арнап жазылғандай әсер қалдырады. Сондай сәтте біз де өзіміздің Омар Хайям іспетті керемет бір ақынның жанында отырғанымызды жан-тәнімізбен сезінетін едік.
    Есенқұлдың өлеңін оқу «Гүлдәурен­мен кездесуден» басталады. Балаң шақтың бал сезімдері соншалықты әдемі де әсерлі суреттелген бұл өлеңді қанша қайталап оқысақ та жалық­паймыз. Содан кейін өз кезегімен басқа өлеңдер ағытылады. Қай-қайсысы да жан тербемей қоймайды.
    Туған ауыл, аманбысың, гүл аймақ,
    Құшағыңнан келдім тағы жыр аулап.
    Тентек жастың алыстығы-ай, әйтпесе,
    Топырағыңа тұрар едім бір аунап.
    Саған келсем көңіл жайлы, арқа кең,
    Сенен ғана тұрған-сынды жарты әлем.
    Жұрттың бәрі жұмақ іздеп кетсе егер,
    Таныс жолмен мен өзіңе тартар ем, – деп оқылған өлең аяқталысымен жүрек тербейтін басқа өлең басталады.
    …Үйлі болып алғаннан соң ес кірді,
    Күйбеңменен таңым атып, кеш кірді.
    Көктем келсе көз сүзбеймін көк белге,
    Сары күзде сағынбаймын ешкімді.
    Ешкімді де, ешнәрсені етпей мұң,
    Отбасының тыныштығын көксеймін.
    Көгендеулі қозыдайын бұлқынған
    Қатып қалды қаным бойда, не істеймін?!
    Бақыт сыйлап жүрсін, мейлі, адал жар,
    Өмір бұл күн көрінбейді маған бал.
    Жетер-жетпес жерде аяулы бір бақыт
    Тұрмаған соң бұл өмірде не мән бар? – деп бұл өлеңінің соңында да ақжүрек ақын ағынан жарылады.
    Есенқұл өлеңдерінде мұндай ағынан жарылатын тұстар жетерлік. Жалпы ол өлеңінен сыр жасырып көрмеген ақын. «Аңқылдай берме, аңқауым, біреу күлсе егер, адамда қазір аз емес шығар дүмшелер. Арудың бәрі аңқау болып мәңгі қалмас па, ағаның бәрі ақжүрек болып туса егер», – деген жолдар да бұл сөзімізді нақтылай түседі.
    Бірге қызмет істеп, етене араласып кеткен соң Есағаңа бойымыз үйреніп әзілдесетінді, ара-тұра қаттырақ қалжыңдасатынды да шығардық.
    Бірде «Бейімбеттің ізімен» деген айдар қойып, Есағаңа әзіл арнадым.
    Әй, Есенқұл-ай,
    Бай-бай-бай!
    Құрыдың ғой енді,
    Қу Құдай-ай!
    Бастығыңды боқтапсың,
    Арғы аталарынан түк қоймай,
    Бергі әкесіне кеп тоқтапсың.
    Ол аз болғандай,
    Еден жуушыға барып оттапсың, – деп келетін бұл жолдарды оқып қарқ-қарқ күлген Есағам: «Мұны газетке шығарып жіберейік», ­ –  деп машинкаға бастырып, менің қалай болар екен дегеніме де қарамай, өзі қол қойып берген-ді. Тек «Есенқұл» деген сөзді «Елпеңбай» деп өзгерттік.
    Кейін Алматыда өткен үлкен шығармашылық кешінен соң жайылған дастарқан басында: «Есіңде болса сол әзілді оқып берші, құр мақтаудан жалығып кеттім, қызық болсын», – деген еді. Ақын Ермек Жұматаев оны «Есенқұлдың өмірбаяны» деген әзілмен жалғастырды. Бұл әзілде де: «…Ана тілі орыс, баба тілі «қалмақ» болса да, қазақ тілінде таза сөйлейді. Сонымен қатар қазақ жазуын да жан-жақты меңгерген. Аз қуанады, жиі ренжиді, тез ұмытады. Жылқы мінездес. Қуанышын сан салаға бөліп қойған. Ұл өскенде қуанады, қыз кеткенде қуанады. Жылқы мінездес екеніне көк шыққанда немесе шөп шыққанда қатты қуанатынын дәлелге келтіруге болады. Мінезі жуас. Киім киісі олпы-солпы. Дегенмен оптимист. «Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан» деп ыңылдап ән салғанды ұнатады. Бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қалған балалары жат қолында…» деп келетін жолдар бар. Мұнымызды онша ұната қоймағандар да болды-ау деймін, бірақ Есағамның езуі жиылмай ерекше мәз болды.
    Ара-тұра ақынның туған ауылы ­– Бірлікке барып, Елизавета апамыздың қолынан шай ішіп қайтамыз. Арасында ол кісіге «Тәте, Меңсұлу жеңешеме қайны ретінде қалжыңдасам кейде әзілімді көтермей қалады» дегендей шағымымды да айтып қоямын. Лиза тәтеміздің: «Ренжіген сайын қалжыңдай бер. Қайнысының қалжыңын көтер­мейтін жеңге болушы ма еді?», – деген жауабы да көп күттіре қоймайды.
    Бірінші мамыр күні Бірлік ауылында көкке шыққанымыз естен кетпейді. Өздерін әзіл-шыны аралас «қалмақ» санайтын Бірліктің аңқылдақ жігіттері қызу күйлерінде «Қазақты бүгін қайтадан шауып қайтамыз» деп атқа мініп алып жүйткіп жүрді. Шапыраштының ішінде қалмақ әжелерінің атымен Жылғары аталып кеткен атаға жататын Есен ағамыз да бұл әңгімені қыздырып қояды. Осыған жалғас әңгімені оның «Қазағы бар, ішінде қалмағы бар, бұл ауылдың тарихта салмағы бар. «Бой бермеген қазаққа халықпыз» деп, «Қалдан Серен батырдан қалыппыз» деп, қалжыңдайды әйтеуір сондағылар» деп келетін өлеңінен де байқауға болады.
    Арасында Есеннің әкесі Серікбай ағамызбен әңгімелесіп қаламыз. Кезінде Мұхтар Әуезовтің өзімен дидарлас болып, бірге суретке түскен ағамыздың әңгімесі өзінше қызық. Қолы қалт еткенде ол кісінің де өлең жазатынын сол кезде білдік. Серікбай ағамыздың өз қолынан алған, өз қолымен жазылған «Таңбалы тас» атты аңызы менде әлі күнге дейін сақтаулы. Есағам «Сол поэманы алайыншы», мен «Сол жазбаны өзіңе берейінші» деп жүргенде өзі де өмірден өтіп кетті.
    Басымыз қосылып қалған сәттері Есенқұл Қадыр Мырза Әлі ағасының:
    Құм менен тас бірігіп,
    Құрлық пайда болыпты.
    Гүл мен тікен бірігіп,
    Тірлік пайда болыпты.
    Бірте-бірте жай талдан,
    Бадам пайда болыпты.
    Періште мен сайтаннан
    Адам пайда болыпты, – деген өлеңін әдемі бір әуенге салып айтып отыратын. Журналистика факультетінің күндізгі бөлімінде оқып жүргенімде соны:
    Ақыл менен азаптан 
    Көсем пайда болыпты.
    Хохол менен қазақтан
    Есен пайда болыпты, – деп өзгертіп алып, сол факультеттің сырттай бөлімінде Есенқұлмен бір курста оқып жүрген Шорабек Айдаровқа айтып бердім. Мұны Шорабектен алғаш естігенде шала бүлінген Есағам кейін ашуы басылған соң мұны өзі де күліп айтып жүретін еді.
    Осы орайда Есенқұлды «балам» деп қалжыңдасып жүретін Әлімқұл атамыздың әзілі ойға оралмай қоймайды. Мәдениет бөліміндегілер: «Ата, бәріңізге сахналық киім тіккіземіз, осы қазір өлшемге барыңыз» дегенде Әлекеңнің: «Мына Есенқұл баламның өлшемін алсаңдар болды, бәрі маған дәл келеді, аяғының қисықтығына дейін аумайды», – деп күлдіргені бар.
    Есенқұл екеуміз 1984 жылдың басында аудандық газеттен бір мезгілде кетіп, біраз уақыт басқа жұмыстың басын шалып көрдік. Бірақ үйренген жұмыстан алыстап кете алмай, бір жылдан кейін мен Күрті аудандық «Шұғыла» газетіне орналастым. Кейін облыстық «Жетісу» газетінің Күрті, Балқаш аудандарындағы меншікті тілшісі қызметіне тағайындалып, 2002 жылы облыс орталығы ­Талдықорған қаласына қоныс аудардым. Есағаң аудандық өлкетану музейінде, біздің ауылдағы Үмбетәлі Кәрібаев музейінде қызмет істеп, біраз уақыт «Ақындар мектебін» жүргізгенімен, ара-тұра журналистика ауылына да атбасын бұрып тұрды. Өмірінің соңғы жылдарында өзі еңбек жолын бастаған «Атамекен» (бұрынғы «Екпінді еңбек») газетін басқарды.
    Бұл кезеңде де Есағаңмен байланысымыз үзілген жоқ. Анда-санда болса да Күрті мен Балқашқа, одан Талдықорғанға келіп, ортамызды толтырып, көңілімізді бір серпілтіп кететін еді. Туған ауылыма барғанда оған қалайда бір жолығып кетуге тырысатынмын.
    Осы жерде Есағамның табиғатына біткен өзгеше бір қасиеті жайлы айта кеткім келеді. Кейде он шақты адам отырғанның өзінде орталанып тұрғандай көрінетін үйдің іші жалғыз Есенқұлмен толып шыға келетін. Оның өзіне тән әдемі әзілі, ақынға тән аңқылдақ мінезі мен аңқаулығы, жайдары жымиысы адамды бірден баурап алатын.
    Ақынның айтыстағы шақпа тілі, өзіне тән нәзік юморы жазба поэзиясынан да көрініс береді. Оның: «Пиратым-ай, сен бір иттің адалы, пират болып қиратқаның шамалы…» немесе: «Еркелесең Есенқұлдан аумайтын, сұрың құрсын, сұрқиядай сұр төбет», «Сұрауы жоқ қазына қолда тұрса, мырза болмай не бопты албастыға?» деген сияқты өлең жолдарын езу тартпай оқу мүмкін емес.
    Ақын өлеңдері жайлы пікір айтқандар оның өлеңінің, теңеулері­нің қарапайымдылығын көп айтады. Бірақ олар осындай қарапайым теңеулердің арасында құм ішіндегі алтындай жылт-жылт еткен керемет суреттердің жатқандығын байқай бермейтіндей. Мысал ретінде «Түңілдірмей көрінші көзіме ылғи, түнгі таудан көрінген оттай болып» деген жолдарды алайық. Есенқұлдың бүкіл саналы өмірі өткен Ұзынағаш ауылынан Алатаудың бөктері айқын көрінеді. Әсіресе түнгі мезгілде тау баурайында тұтанған от жалыны қаз-қатар тізілген қызғылт моншақтай болып жылт-жылт етіп көзге кереметтей әсем шалынады. Ақын осы бір көріністі өлеңінде өте дәл бере білген. Оның «Өркеш таулар өлең сүйген жүректің кардиограмма толқындары секілді» деген жолдары да осы қатардағы көрініске жатады.
    Ақын өмірден өткенде республи­калық басылым басшыларының бірінің аузынан «Есенқұл тұрмыстың тауқыметін көп тартыпты ғой, тіршілігі соңғы кезде ғана түзеліпті» дегендей тұжырымды естіп қалдық. Ақынға жақын жүрген жолдасы ретінде мұндай тұжырымның негізсіз екендігін айтқым келеді. Рас, Есенқұл ақын асып-тасыған бай болған жоқ. Ел басына түскен қиындықты да көппен бірге көрді. Бірақ оны көп уақыт жұмыссыз қалып, тұрмыс тапшылығын елден ерек тартты деуге болмайды. «Елуде әрең ержеттім, елу жыл, халқым, тербеттің» деп өзі айтқандай, оны ауданның ғана емес, облыстың да басшылары аялап ұстады, жағдайын біліп, әрдайым қамқорлық жасап отырды. Қызы Доскүл дүниеге келгенде сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бекболат Тұрысжанов ағамыз нәрестенің атын қойып берсе, Серік Үмбетов, Аңсар Мұсаханов, Махаббат Бигелдиев, Лаззат Тұрлашев, Жандарбек Далабаев, Тоққожа Естенов сияқты бауырлары әрдайым жағдайын біліп, қамқорлықтарын жасап отырды. Осы кісілер сияқты ағалары, Кеңестей достары мен Ақандай інілері тұрғанда оны аса бір қатты қиыншылық көрді деуге болмайды.
    Есенқұлға қай мекеме басшысының да есігі ашық болды. Бұл жағынан алғанда Есағаңның басқа інілеріне көмектесетіндей де жағдайы бар еді, көмектесіп те жүрді. Айналасында жүрген дос-жарандары ғана емес, тіпті оны сырттай білетіндердің өзі қай жерге, қай ауылға, қалаға барса да хан көтеріп күтіп алатын, былайша айтқанда аяғын жерге тигізбейтін еді. «Біздің елдің жігіттері» әніне арқау болған тағы бірқатар атпал азаматтың, өнер саласындағы аға-інілерінің ақынға деген ықыласы тіптен ерекше болатын.
    Бізде «Мықты ақындардың барлығы өз кезінде бағаланбаған, тұрмыс тауқыметін тартып, өмірден қиындық кешіп өткен» дегендей жаттанды түсінік әбден қалыптасып қалған сияқты. Алайда бұл тұжырымды Есағама қолдануға болмайды.
    Жалпы әдебиетте, оның ішінде поэзияда белгілі бір жетістікке жету үшін оған өзіңді бүтіндей арнауың керек. Есенқұл да өзін өлеңге басыбүтін арнады. Барлық ақындар сияқты ол да дүние, байлық жинауға құлықсыз болды, шынын айтқанда оған бейімі де болған жоқ. Содан кейін де ол мектептегі пионер жетекшісі, музей қызметкері, ақындар мектебінің мұғалімі, аудандық газеттің тілшісі сияқты кішігірім жұмыстарды қанағат тұтты. Ал егер шындап мансап, дүние қуатын болса оған Алматыдан ғана емес, осы Ұзынағаштың өзінен де, басқа жерлерден де лайықты қызмет табылатын еді деп ойлаймын. Басқа сөзбен айтқанда, Есағаң өлең үшін белгілі бір құрбандықтарға барды. Содан кейін де ол әдебиет тарихында Есенқұл болып қалды.
    Ал өлеңдегі өзіне көңілі толмау­шылықтың, өзекті өртеген өзге мұңның орны бір басқа. «Уақыттың босқа өткені болмаса, бұл өмірде жоғалтатын түгім жоқ. Елге де өкпе айта алмаймын мен аса, өз жанымды өзім өттім жұлып жеп» дегендей жолдар ақынның нағыз өз табиғатына келеді. Өмірінің соңында түсірілген телесұхбатта өзі де атап өткендей, Есағамның соңғы уақыттағы басты мұңы осы уақыттың жетіспеуі болды.
    Оның шын туған күні 1953 жылғы 19 желтоқсан болатын. Компартияның сол кездегі бас хатшысы Брежневпен бір күнде туғанын да сан-саққа жүгіртіп, әзілге айналдыратын едік. Дүниеге әлжуаз, аурушаң болып келген сәбиге туу туралы куәлікті бірден ала қоймаған ата-анасы оның беті бірте-бірте бері қарағаннан кейін барып куәлікті келесі жылдың 10 ақпанында алады. Сол себептен оның құжаттарында туған жылы ретінде осы күн көрсетіледі.
    Сөйткен Есағамыз асқаралы алпыс жасына – шын туған күніне бір айдан сәл ғана астам уақыт қалғанда ойламаған жерден дүниеден өтті. Алдымен Меңсұлу жеңешеміздің алпыс жылдығын атап өтпек болып, бізді тойға алдын ала шақырып та қойған еді, бұл кездейсоқтық дегенді қойсаңшы, дәл сол той болатын күні тәні жер қойнына берілді.
    Ақ тілектер ақтарылып, ат мінгізіліп, «темір тұлпары» көлденең тартылатын қуанышты сәттердің бәрі ақынның алпысына орайластырылып отырған сияқты еді, ондай күнге жеткізбеген тағдырға не шара?..
    Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
    Қазақстанның Құрметті жазушысы

    Ұсынымдар

    Есей Жеңісұлы: Комментаторлық – қызыл тіл ғана емес

    Есей Жеңісұлы: Комментаторлық – қызыл тіл ғана емес

    3 years ago
    АРМАНЫ  БИІК  АҚСАҚАЛ

    АРМАНЫ БИІК АҚСАҚАЛ

    3 months ago
    Мұқағали және “Хантәңірі” газеті

    Мұқағали және “Хантәңірі” газеті

    2 years ago
    Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

    Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

    2 months ago
    Цифрлық шешімнің тиімділігі зор

    Цифрлық шешімнің тиімділігі зор

    2 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>