Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Шараға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Дәурен Оразбеков, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Тергеусізов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жиналған көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өрт сөндірушілерге «Уаз» және «КамАЗ АЦ-5-40» маркалы арнайы автокөліктердің кілтін табыстады. Сондай-ақ өрт сөндіру бөлімінің іске қосылуына қолдау көрсеткен белсенді азаматтар – Рашид Жанатұлы, Ғани Бақытұлы және Ерлан Ерсінұлын Алғыс хатпен марапаттады.
– Ел қауіпсіздігін сақтау – Мемлекет басшысының ерекше назарында. Шалғай ауылда жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылып жатқанына қуаныштымыз. Осыған орай, ауыл әкіміне Төтенше жағдайлар министрлігінің және өз атымнан алғыс білдіремін, – деген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Оразбеков Ұзынбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұржан Қораласовты министрліктің 30 жылдығына арналған медальмен марапаттады.
Одан кейін сөз кезегі аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман мен ауыл тұрғыны, ардагер-журналист Марат Тақабайұлына берілді. Олар өрт сөндіру бекетінің маңыздылығына тоқталды.
Бұдан соң облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Дәурен Оразбеков, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, еңбек ардагері Марат Тақабаев ресми түрде жаңа ғимараттың лентасын қиды. Жиналған көпшілік нысанның ішін аралап көрді.
Айта кетейік, мұнда алдағы уақытта екі ауысыммен 8 адам жұмыс істейді. Нысан қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.
Жаңадан ашылған бекет төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елдімекеннің тыныштығын сақтауға қызмет ететін болады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




