Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Онда облыстық криминологиялық паспорттың жобасын қарастыру, «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заңның және ілеспе заң жобаларының ережелері, уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталықтарының, оның ішінде наркологиялық ұйымдардағы төсек-орын санын арттыру, жалпы білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағдат Әшімовтің айтуынша, өткен жылы 30 желтоқсанда «Құқықбұзушылықтар профилактикасы туралы» Заң қабылданған, осы жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енеді. Аталған заң Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Заң және тәртіп» қағидаты шеңберінде дайындалған. Оған «Құқықбұзушылықтар профилактикасы туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы», «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» 5 заң біріктірілген. «Енді профилактика – бұл бірыңғай мемлекет саясаты. Бұл жұмыстарға денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек көрсету органдары, отбасына қолдау көрсету орталығы, бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да ұйымдар жұмылдырылатын болады. Заң мемлекет және қоғам алдында бірқатар негізгі міндеттерді қойып отыр: біріншіден, құқықбұзушылықтар және қайталанып жасалатын қылмыстар деңгейін төмендету, екіншіден, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, үшіншіден, жағдайды қылмысқа дейін жеткізбей анықтау, салдарымен емес, себебімен жұмыс істеу. Яғни заң мәселелерді полицияға, сотқа және түрмеге жеткізбей, профилактика және қолдау арқылы шешуді көздейді», – деді Бағдат Бақбергенұлы.
Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаев бірқатар қылмыстар, оның ішінде жеке тұлғаға қатысты құқықбұзушылықтар мас күйінде жасалатынын айтты. Өткен жылы бұған қатысты 604 жағдай тіркелген. Көрсеткіш жалпы қылмыстың – 7,1 пайызы. Биыл қаңтар айында мас күйінде жасалған 42 қылмыс, оның ішінде 3 адам өлтіру, 6 денсаулыққа ауыр жарақат келтіру және басқа да қылмыстар анықталған. Қазіргі таңда қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген, сондай-ақ арыз бойынша жеткізілген тұлғаларға полиция бөлімдерінде әкімшілік хаттама толтырылады және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Осыдан кейін олар үйлеріне қайтарылады, себебі облыс аумағында бір ғана уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталығы жұмыс істейді. Талғар ауданында орналасқан мекемеде 50 төсек-орын ғана қарастырылған. Бұл Алматы облысы үшін жеткіліксіз. Осыған орай өңірде қосымша мекемелер ашу жайы сөз болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнар Жүнісованың мәлімдеуінше, өткен жылы уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына ішкі істер органдары қызметкерлері 5 450 адамды жеткізген, олардың 5 447-сі ауруханаға жатқызылған. «2025 жылы бір науқасты бақылауда ұстауға 14 389 теңге көлемінде кешенді тариф қарастырылған. Алайда орталыққа орналастырылған адамдардың 98%-ы динамикалық есепте тұрмағандықтан, олар үшін жұмсалған шығын өтелмейді. Сондай-ақ төсек-орын саны 50-ден 25-ке қысқартылды. Осылайша, орталықтың медициналық және әлеуметтік маңызына қарамастан, олардың құқықтық мәртебесі мен қаржыландыру тетігіне қатысты мәселелер әлі де шешімін таппай отыр», – деді Гүлнар Рақымбекқызы.
Жиын барысында жалпы білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жайлы да ақпарат берілді.
Комиссия отырысының соңында Қанат Болатұлы аталған заңның негізгі талаптарын өңірлік деңгейде іске асыру үшін мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеу керегін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




