Қасиетті Рамазан айының келуі – бұл мұсылман қауымы үшін үлкен қуаныш әрі рухани жаңару кезеңі. Бұл ай – адам баласын сабырға, тақуалыққа, мейірімділік пен кешірімге тәрбиелейтін ерекше уақыт. Рамазан – тек ораза ұстайтын кезең ғана емес, сонымен бірге, жүректі тазартатын, ниетті дұрыстайтын, қоғамдағы бауырмалдық пен жанашырлықты арттыратын берекелі ай.
Рамазан айында мұсылман баласы тек ішіп-жеуден ғана тыйылып қоймай, жаман сөзден, орынсыз әрекеттен, жүрекке кірбің түсіретін істерден де сақтануға тырысады. Рамазан – қайырымдылық жасауға, жетім-жесірге қамқор болуға, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға үндейтін қасиетті ай. Осындай игі амалдар қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырады.
Қазақстан – түрлі ұлт пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекет. Осындай тұрақтылық пен бірлікті сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Рухани құндылықтарды сақтау арқылы ғана біз болашақ ұрпаққа мықты, тәрбиелі, саналы қоғам қалдыра аламыз.
Бұл ай – адамның өз-өзіне есеп беретін, өткеніне тәубе етіп, болашағына жаңа мақсат қоятын кезең. Бұл айда жасалған әрбір игі амал адамның рухани дәрежесін көтеріп қана қоймай, қоғамның да ізгіленуіне де оң әсер етеді. Қазіргі қоғамда рухани тәрбие, отбасылық құндылықтар, адал еңбек, әділ қарым-қатынас – басты қажеттіліктердің бірі. Рамазан айы осы құндылықтарды күшейтуге үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе жастар тәрбиесінде Рамазан айының орны ерекше. Себебі бұл ай адамды тәртіпке, жауапкершілікке, сабырлыққа үйретеді.
Құрметті ағайын!
Баршаңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Алла Тағала ұстаған оразаларыңызды, жасаған дұға-тілектеріңізді, қайырымдылық амалдарыңызды қабыл етсін! Бұл ай әр шаңыраққа береке, әр отбасына тыныштық, әр жүрекке иман нұрын сыйласын. Жүректерімізге мейірім ұялап, қоғамымызда өзара құрмет пен жанашырлық арта берсін!
Қасиетті Рамазан айы құтты болсын!
Мадияр қажы ТАҒАЙБАЙҰЛЫ,
Алматы облысының бас имамы




