⛅
-0°C
Қонаев
Жексенбі, Ақпан 22, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Референдум – бүкіл халықтың үні

    21.02.2026
    in Барлық жаңалықтар
    Референдум –  бүкіл халықтың үні
    0
    SHARES
    3
    VIEWS

    Талғар жоғары медициналық колледжінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «Respublica» партиясының мүшесі Нұргүл Тау және «Ауыл» партиясының мүшесі Анас Баққожаевпен кездесу өтті. 15 наурыз күні республикалық референдумға шығарылған Жаңа Конституция жобасын түсіндіру және қоғам мүшелерін оған жаппай қатысуға шақырған шараға «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Ержан Дүйсекенов, оның кеңесшісі Әсет Талғатбек, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев қатысты.

    Кездесуде алғаш сөз алған Нұргүл Тау осыдан 33 жыл бұрын Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Конституциясы қабылданған кезде өзі де залдағы жастар сияқты студент болғанын, тура солар сияқты Ата Заңда жазылған талаптар мен ережелерді тәптіштеп оқып, жан-жақты танысқанын еске алды. Мәжілісменнің айтуынша, уақыт алға жылжыған сайын талап, талғам, ережелер өзгеріп, соған сай өзгерістер енгізу қажеттілігі туады. Ішкі, сыртқы жағдайларды, қоғамның даму ерекшеліктерін ескерсек, бүгін де дәл сондай сәт туып тұр. Сол себепті де елімізде Конституциялық реформа жүргізіліп жатыр.
    – Жаңа Конституцияның жоба­сындағы басты ерекшелік – бұл құжатта «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын бекіте отырып, адам құқықтарын қорғауға басым­дық беріліп отыр. Киберқауіпсіздік, адвокатура қызметі мәселелері Ата Заңда орын алуы – мұның айқын дәлелі. Жалпы Конституцияның 84 пайызы өзгеріске ұшырайды. Әсіресе білім, ғылым, инновацияға қатысты көп нәрсе қамтылмақ. Бұл салаларға мол қаражат бөлінетін болады. Елімізде цифрландыру жедел жүріп жатыр. Сіз бен біз қаласақ та, қаламасақ та телефон күнде қолымызда, ал сол ұялы телефон арқылы жасалатын алаяқтық, қылмыс түрлері көбейіп бара жатыр. Сондықтан киберқауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр. Арнайы министрлік құрылды, құзыреті кеңейтілді. Бұл мәселелер Ата Заңға кіргеннен кейін енді арнайы салалық заңдар, нормативтік актілер қабылданатын болады. Мысалы, азаматтардың жеке мәліметтерінің тарап кеткені жөнінде қаншама ақпарат болды. Енді мұның бәрі Ата Заң деңгейінде қорғалатын болады.
    Сондай-ақ, экология мәселесі Конституцияға енгізіліп отыр. Біздің ата-бабаларымыздан «Алтын адам» қалған еді, ал бізден – босаған пластикалық ыдыстар, басқа да қоқыс­тар қалып жатыр. Бұдан былай біздің бұлай жасауға құқымыз жоқ! Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза сақтау – әрбір азаматтың міндеті екені Ата Заң деңгейінде белгіленіп отыр. Онда отбасы, неке, ана мен баланың құқықтары жөнінде айрықша айтылғанын да атап өткім келеді.
    Сондықтан, құрметті жастар, ақ халатты абзал жандар, Сіздерді 15 наурызда республикалық референ­думға белсене қатысып, өздеріңіздің пікірлеріңізді білдіруге шақырамын. Әрине, қандай шешім қабылдайтыны әр азаматтың өз еркінде. Бірақ Сіздердің алдарыңызға келіп, Конституция жобасында жазылған жайттарды түсіндіру, оны насихаттау, дауыс беруге шақыру – біздің міндетіміз, – деді Нұргүл Тау.
    Ал Анас Баққожаев жиналған жұртты алдымен дәл осы 19 ақпан күні басталған қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ниеттерінің қабыл болуын тіледі.
    – Өзгерістерден қорықпау керек. Неге қатып қалған қасаң заңдар аясын­да өмір сүруіміз керек? Мысалы, Салық кодексін қайта қараймыз деп ойладық па? Бәріміз де армандаймыз, шіркін, ауылымыздың жолы жақсы болса екен, аурухана, Мәдениет үйі салынса екен, кітапхана болса екен деп. Алайда қаржы жете бермейді, экономиканы қарасаңыз шығын көп, түсім аз. Президенттің бастамасымен «Ұлттық қор – балаларға» деген бағдарлама басталды. Бір жастан бастап жыл сайын әр баланың есепшотына 100 доллар түсе бастады. Ондағы ой – бұл қордың ақшасы балаларымызға жұмыс істесін деген мақсат.
    Әрине, бұл кейбіреулердің көңілінен шықпауы мүмкін, бірақ қордың жұмысы дұрыс жолға қойылса, жыл сайын түсетін ақша мөлшері көбейсе, ол келешекте 1000 доллар, тіпті 10 000 доллар болуы мүмкін ғой! Сондықтан біз бюджет Ұлттық қордың ақшасына қол сұқпасын, ол өз қаржысын өзі тапсын деп Салық кодексін қайта қарап қабылдадық. Бұдан үш-төрт жыл бұрын ол ойы­мызда да болған жоқ.
    Су кодексін өзгертеміз деп ойладық па? Қанша табиғи апат болды. Бұл – суға басқаша көзқарасты талап етті. Осылай, заңдарды жағдайға байланысты өзгерту қажеттілігі туындады. Ата Заңға да заман талап еткен жағдайларға байланысты осындай өзгерістер енгізу қажеттігі туды. Біз табиғатпен үйлесімді өмір сүрген көшпенді халықтың ұрпағы­мыз, сондықтан ешқандай өзгеріс­тен қорықпауымыз керек. Қазір әлеуметтік желіні қарасаңыз: «бұның керегі қанша, кейбір елдер­дің Конституциясы жүз жылдап өзгер­меген» деген сыңайдағы пікірлер кездеседі. Олар көбінесе оқымай жатып, не жазылғанын түсінбей тұрып осындай пікір айтады. Ал оқушы, студент сабағын оқымаса ертең қандай жауап береді?!
    Сондықтан құрметті жастар, Конституция жобасымен жақсылап танысыңыздар. Онда не жазылғанына анық көз жеткізіңіздер. Сөйтіп, референдумға қатысып, өздеріңіздің конституциялық құқықтарыңызды пайдаланып, азаматтық парыздары­ңызды атқарыңыздар, – деді Ақас Баққожаев.
    Кездесу кезінде бірнеше азамат өз пікірлерін айтып, өзгерістерден де, өзгертулерден де қорықпау қажеттігін жеткізді. Келешекте Құрылтайдың тек партиялық тізіммен сайланатындығын еске салып, осыған байланысты «Саяси партиялар туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізу, партия құруды оңайлату қажеттігін, сондай-ақ халықтың мемлекетті басқару ісіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ауылдық мәслихаттар құрылса деген ұсыныс айтылды.
    Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев Астанадан және облыс орталығынан арнайы келген қонақтарға маңызды саяси мәселені әсерлі түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары үшін аудан әкімі мен тұрғындары атынан ризашылық білдіріп, алғыс айтты.
    Ізін ала дәл осы топ Белбұлақ ауылындағы «Medicare international» ЖШС компаниясының еңбек ұжымы­мен кездесті.
    Меніңше, референдум дегеніміз – бүкіл халықтың үні. Сондықтан тәуелсіз еліміздің барлық тұрғыны бір кісідей дауыс беріп, сол үнімізді білдіруіміз керек-ақ!

    Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

    Талғар ауданы

    Ұсынымдар

    Көшпенділер ойындарына билеттер сатыла бастады

    Көшпенділер ойындарына билеттер сатыла бастады

    2 years ago
    Министрлік: Қазақстанда жанармай қымбаттайды

    Алматы облысында жанармай бағасы бақылауға алынды

    3 years ago
    Алғыс арқалады

    Алғыс арқалады

    2 years ago
    Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

    Павлодар облысының экожүйесін сақтауға Ертіс өзені арқылы 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

    10 months ago
    Алматы облысында NEEТ жастарының саны 26 мыңға дейін азайды

    Алматы облысында NEEТ жастарының саны 26 мыңға дейін азайды

    12 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>