15 наурызда жаңа Конституцияны қабылдауға қатысты республикалық референдум өтеді. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанға байланысты тұрғындардың пікірі қандай? Осы орайда Балқаш ауданы жұртшылығын сөзге тартқан едік.
Серік БЕКЖІГІТОВ, Балқаш ауданының Құрметті азаматы:
– Соңғы жылдары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан реформалар халықтың тікелей қатысуымен қабылданды. Бұл елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Референдум арқылы қабылданған шешімдер елдің саяси жүйесін жаңғыртуға және әділетті қоғам құруға бағытталған.
Ахан ЖОЛДЫБАЕВ, зейнеткер:
– Референдум – бұл тек бүгінгі күннің шешімі емес, ол – ертеңгі ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан қадам. Сол себепті әрбір азаматтың дауысы маңызды. Референдумға қатысу – елге деген жанашырлықтың, патриотизмнің және азаматтық борыштың көрінісі.
Дидар ҚҰЛСЕЙІТОВ, механизатор:
– Мен ауыл шаруашылығында еңбек етемін. Біз үшін елдегі тұрақтылық пен дұрыс саясат өте маңызды. Референдум – ауыл тұрғындарының да пікірін білдіруге мүмкіндік береді.
Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Сондықтан біз де ел тағдырына бейжай қарамауымыз керек. Референдумға қатысу – әр азаматтың парызы.
Мәди СЕРІКҰЛЫ, дәрігер:
– Дәрігер ретінде мен үшін халықтың амандығы бірінші орында. Елдегі тұрақтылық пен дұрыс шешімдер қоғамның саулығына да әсер етеді. Жаңа Конституция елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына берік негіз қалайды деп білемін. Сондықтан оны қолдау маңызды.
Айдана АСАНБАЙ, мұғалім:
– Мен ұстаз ретінде референдумның маңызын ерекше түсінемін. Себебі біз тәрбиелеп отырған жастар елдің ертеңі. Референдум – халықтың өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік беретін маңызды құрал. Бұл – демократияның нақты көрінісі.
Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осы жолда әр азаматтың дауысы маңызды. Біз оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, олардың азаматтық санасын қалыптастыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда референдумға қатысу – елге деген жауапкершілік пен ұрпақ алдындағы борышымыз деп білемін.
Гүлзат СӘЛІМЖАНОВА, кәсіпкер:
– Кәсіпкер ретінде мен елдегі тұрақтылықтың бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін білемін. Референдум – халықтың сенімін арттыратын маңызды саяси құрал.
Егер халық өз таңдауын, еркін білдірсе, елде сенім мен тұрақтылық орнайды. Бұл өз кезегінде экономиканың дамуына мүмкіндік береді.
Айгерім МАРАТҚЫЗЫ, қоғам белсендісі:
– Референдум – халықтың ел болашағына қатысты маңызды мәселелерді тікелей дауыс беру арқылы шешуінің демократиялық жолы. Бұл – әр азаматтың өз пікірін білдіріп, мемлекет дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды құрал.
Аида ЕРБОЛҚЫЗЫ, жастар белсендісі:
– Әрбір азамат референдумға қатысу арқылы өз елінің дамуына үлес қосады. Бұл тек дауыс беру ғана емес, сонымен қатар ел тағдырына деген жауапкершіліктің белгісі. Азаматтар ұсынылған өзгерістермен танысып, саналы таңдау жасауы қажет. Мұндай белсенділік қоғамның саяси мәдениетін арттырып, демократиялық құндылықтарды қалыптастырады.
Айым ЖОЛТАЙ, жастар белсендісі:
– Референдум – бұл халықтың мемлекет өміріндегі маңызды шешімдерді тікелей қабылдауына мүмкіндік беретін демократиялық құрал. Қазақстан үшін референдум – ел болашағын айқындайтын маңызды саяси қадамдардың бірі. Бұл үдеріс арқылы азаматтар заңдарға өзгерістер енгізу немесе маңызды мемлекеттік бастамаларды қолдау не қолдамау туралы өз пікірін білдіреді. Референдум халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдағы бірлікті күшейтеді.
Иә, жоғарыда көпшілік пікірін білдіргендей, референдум – халық таңдауын жасайтын саяси науқан. Алда өтетін референдумда еліміздің алдағы дамуын айқындайтын, азаматтардың құқығын қорғауға негіз болатын жаңа Конституцияны қабылдау міндеті тұр. Елім, жерім дейтін әрбір азамат одан қалыс қалмайды деп сенеміз.
Алма ЕСЕНБАЙ
Балқаш ауданы




