Шарын шатқалы аумағында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын қолдауға арналған акция өтті. Оған Алматы облысының 300-ден астам жасы қатысып, шатқалдың биік жоталарының бірінде көлемі 30×15 метр болатын Мемлекеттік Туды жайды. Мыңжылдықтар бойы Ұлы Даланың тарихына куә болған бұл орын шараның мазмұнымен үндесіп тұрды.
Қатысушылар таңдалған орынның мән-маңызына ерекше назар аударды. Конституция жобасының кіріспе бөлімінде Қазақстан халқының бірлігі, байырғы жерімізде мемлекеттілікті нығайту және елдің мыңжылдық тарихи сабақтастығы айрықша атап өтіледі. Елдің көрнекті табиғи нысандарының бірінде өткен бұл шара аталған ұстанымдардың нақты көрінісіне айналды.
Акцияға қатысушылардың бірі Аман Төкеннің айтуынша, жаңа Конституция жобасының мазмұны ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайды әрі алдағы реформалардың берік негізін қалайды. «Алматы облысының жастары жаңа Конституцияны қабылдау бастамасын қолдайды және қоғамдық өмірге белсенді атсалысып келеді» – деді ол.
Жаңа Конституция жобасында табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты да бекітілген. Ұйымдастырушылар акция форматы «Таза Қазақстан» бастамасының мақсат-міндеттерімен үйлесетінін атап өтті. Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған. Жастардың пайымынша, Ата Заңды қолдау – елдің орнықты дамуына үлес қосу әрі келер ұрпақ игілігі үшін туған жерді аялау деген сөз.




