Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында еліміздегі дене шынықтыру және спортты дамыту бойынша 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама негізінде облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баспасөз мәслихаты өтті. Онда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жансерік Әдиахметов баяндама жасады.
Спикердің айтуынша, спорт резервін даярлау жұмысымен 3 спортты дамыту дирекциясы, спорт клубы, шеберлік мектебі, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері, дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығы және 25 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері айналысады. Аталған мекемелерде 25 мыңнан астам спортшы және 67 спорт түрі тіркелген. Онда 969 жаттықтырушы жұмыс істейді.
– Өңірде дене шынықтыру және спортпен айналысуға арналған 1891 нысан бар. Қазіргі таңда Кеген ауданының Жалағаш ауылында 50 орынды, Жамбыл ауданының Тарғап ауылы мен Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында 70 орынды 3 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Одан бөлек 14 нысанның жобалық-сметалық құжаты дайын, – деген Жансерік Сабырқанұлы спорттың әр бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Jeyran» футбол клубының ұсынған жобасы негізінде Қарасай ауданында футбол базасының құрылысы іске асырылуда. Кәсіпкер бұл жобаға 300 млн теңге көлемінде қаржы салған. Қазіргі таңда ғимараттың 30%-ы аяқталған. Нысан аумағында спорт залдар, 4 үлкен футбол алаңы мен қонақүй құрылысы қарастырылған. Осы жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Талғар ауданындағы «Atletico de Madrid» футбол академиясының құрылысы толық аяқталып, өз жұмысын бастаған. Академия «Doscar Group» ЖШС және «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігінің қаражаты есебінен салынған. Инвестиция көлемі – 2,2 млрд теңге. Онда 180 орынды жатақхана, заманауи спорт жабдықтарымен қамтылған жаттығу залы, бассейн, жасанды жабындысы бар, жыл бойы пайдалануға жарамды футбол алаңы қарастырылған. Сонымен қатар Талғар қаласында Қазақстан футбол федерациясының және Алматы халықаралық әуежайының жеке қаражаты есебінен «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол академиясының құрылысы басталған. Инвестиция көлемі – 8,2 млрд теңге. Жалпы аумағы – 5 520 м2. Академияны FIFA стандарттарына сай заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланған.
Облыс халқын спортқа баулу мақсатында жыл басынан бері 400 іс-шара ұйымдастырылған. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту үшін заманауи интерактивті платформа құру жұмысы жүргізілуде. Онда QR-код арқылы ақпаратты жедел әрі ыңғайлы түрде алуға болады. Бұл бұқаралық спортты насихаттауға, жаттығу нысандарына қолжетімділікті арттыруға және цифрлық ортада ақпаратты ашық түрде ұсынуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде спортпен жүйелі түрде шұғылданатын адамдар санының үлесін жыл соңына дейін 44%-ға жеткізу жоспарланған.
Басқарма Қазақ спорт және туризм академиясы, спорт университеттерімен өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойған. Осы арқылы мамандарды даярлау, біліктілігін арттыру, студенттер мен жас спортшылардың тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беру, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды бірлесіп ұйымдастыру, ғылыми-инновациялық әдістерді тәжірибеге енгізу және спорт туризмін дамыту жұмыстары іске асырылмақ.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




