Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 37 жыл толуына орай Алатау қаласындағы Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінде ардагерлермен кездесу ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жас сарбаздарға отансүйгіштік рух қалыптастыру, жауынгерлердің ерлік жолын үлгі ету және тарихи кезеңнің шындығын жеткізу.
Кездесуге отставкадағы полковник Геннадий Фалеев, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы, аға лейтенант Қанат Молдабергенов, сержант Марат Абдолдинов, қатардағы жауынгер Алдажар Сейітұлы, сержант Еркін Кұшымбаев, сондай-ақ бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы майор Жандарбек Ысқақов қатысты.
Шара барысында Ауған соғысы жылдарына арналған деректі бейнероликтер көрсетілді. Бейнематериалдарда сол кезеңдегі жауынгерлердің күнделікті өмірі, әскери операциялар, қиын климаттық жағдайлар мен сарбаздардың ерлік істері туралы әңгімеленді. Сонымен қатар, қазақстандық жауынгерлердің батырлығы мен елге оралу сәттері туралы тарихи кадрлар көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Бұл сарбаздарға соғыстың шынайы бейнесін көрсетіп, бейбіт өмірдің қадірін тереңірек ұғынуға мүмкіндік берді.
Ардагерлер өз сөзінде Ауғанстан жеріндегі әскери борыштарын өтеу кезіндегі ауыр сәттер мен жауынгерлік достықтың құндылығын еске алды. Олар әскери антқа адалдық, тәртіп пен жауапкершілік қандай жағдайда да бірінші орында болатынын атап өтті.
Кездесу барысында сарбаздар белсенділік танытып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Әсіресе: «Соғыс кезінде ата-ана, туыстарыңызбен қалай байланысқа шықтыңыздар? Ауғанстанға барар алдында жауынгерлік дайындықтан өттіңіздер ме? Соғыстан келгеннен кейін қалыпқа келу қиын болды ма?» деген сұрақтар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Ардагерлердің айтуынша, сол кезеңде байланыс негізінен хат арқылы жүзеге асқан. Туған жерден келген әрбір хат сарбаздарға рухани күш беріп, үміт сыйлаған. Жауынгерлік дайындықтың қатаң түрде жүргізілгеніне қарамастан, соғыс жағдайы кез келген сарбаз үшін үлкен сынақ болған.
Соғыстан кейін бейбіт өмірге бейімделу оңай болмағанын ардагерлер ашық айтты. Уақыт өте келе отбасының қолдауы, қоғамның құрметі мен мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлық олардың өмірге қайта бейімделуіне көмектескен.
Кездесу соңында әскери бөлім басшылығы қонақтарға алғыс білдіріп, жастарға өнегелі әңгіме айтып, рухани әрі әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін ризашылықтарын жеткізді. Осындай тағылымды шаралар жас сарбаздардың отаншылдық сезімін нығайтып, ел тыныштығын күзетудегі жауапкершілігін арттыра түсетіні анық.
Әлия Әбдіғалиева
Алатау қаласы




