Талғар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінде «Тарихы терең көне қала – Талхиз сыр шертеді» атты көрме салтанатты түрде ашылды. Өскелең ұрпаққа туған жердің тарихынан мол мағлұмат беретін тағылымды шараға Талғар аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің мүшелері, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхана, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы және «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының өкілдері қатысты.

– Талхиз – тарих пен өркениеттің алтын көпірі. Археолог ғалымдардың деректеріне сүйенсек, VIII-ХIII ғасырлар аралығында Талхиз қаласында 8 мыңға жуық адам өмір сүрген. 2014 жылы Талхиз қалашығы Ұлы Жібек жолы бойындағы 33 көне қоныстың бірі ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Талхиз – тек көне қала емес, ол – ата-бабаларымыздың даналығы мен өркениет биігін айғақтайтын асыл мұра. Оны сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа таныту – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді жиналған жұртты көрменің ашылуымен құттықтаған аудандық мәслихат төрағасы Мұхит Әлібеков.
Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақымбек көне Талхиз қалашығын жаңғырту бойынша жүргізілген қазба және реставрация жұмыстары, оның орта ғасырлардағы орны жөнінде кеңінен әңгімеледі.
– Қазақстанның оңтүстік аймағында ортағасырлық ескерткіштер өте көп, бірақ солардың ішінде айрықша ерекшеленіп тұратын қалалар санаулы. Ғалымдардың пікірінше, Талхиз қаласында өңделген болат – сапасы, беріктігі жөнінен әлемге танылған. Мұнда темірден түйін түйген нағыз шеберлер, қолөнершілер, ағаш ұсталары болған.
Тағы бір үлкен ерекшелік – бұл жерден шахмат тасының табылуы. Аталған жәдігер – сол замандағы адамдардың ой-өрісінің, қазіргі тілмен айтсақ, интеллектуалдық деңгейінің өте жоғары болғанын айғақтайтын дерек. Қала құрылысында қолданылған әдіс-тәсілдер де басқа жерлерде кездесе бермейді. Былайша айтқанда, Талхиз – қазақтың маңдайына біткен үлкен ескерткіш, – деді.
Көрме ресми түрде ашылған соң, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Гүлмира Жұмайқызы қонақтарды көне Талхиз қаласының тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді қысқаша таныстырып, сипаттама берді. Шара соңы мектеп өнерпаздарының үлкен концертіне ұласты. №25 мектеп-гимназиясының оқушылары Талхиздің тарихымен таныстыратын сахналық қойылым көрсетті. Ал №7 мектеп-лицейінің дарынды оқушылары құлақтан кіріп бойды алар әсем ән шырқап, қобыз және домбырада орындаған көркем күйлері, мәнерлі де мазмұнды оқыған өлең-жырларымен жиналған жұртты тәнті етті.

Әрине қай іске де біреу түрткі, бастамашы болады. Бұл көрменің басталуы 2023 жылы мамыр айында отаншыл азамат, қоғам қайраткері, жазушы Бақтығали Айжігітовтің мұрындық болуымен Талғар қаласындағы №25 мектепте ежелгі Талхиз қалашығы туралы өткен ғылыми конференцияда жатыр десек, қателесе қоймаспыз. Шара жүргізушілері бұл көрмені сол конференцияның жалғасы деп есептейтінін атап айтты. Онда Талхиз қалашығын «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығынан бөліп алып, ашық аспан астындағы дербес музей ашу және оны көріп, танысу үшін тек өз еліміз ғана емес, дүние жүзінен туристер тарту мәселесі көтерілген еді. Алайда ол әлі күнге шешілмеді. Бақтығали ағамыз: «Жайылымға айналған, қақпасына қара құлып салынған қайран Талхиз!» – деп жазғандай, сол қара құлып бүгінге дейін ашылмай тұр! Сондай-ақ Бесағаш ауылындағы №45 мектепте өткен Бақтығали Айжігітов ағамызбен кездесу кезінде Талғар-Талхиз қаласының туған күнін жылда 19 мамыр атап өту ұсынылды. Бұл да аудан оқушыларының ежелгі шаһарға деген зор ылтипат, қызығушылығын көрсетеді.
Бағдарлама жүргізушілері осы қара құлыптың ашылатын кезі, ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен ежелгі шаһардың бай тарихы мен құнды жәдігерлерін келешек ұрпаққа жеткізетін сәт туғанын айтып, іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған жазушы, кемелтанушы, қоғам қайраткері Бақтығали Айжігітовке, аудандық білім бөлімінің басшыларына, аудандық орталық кітапхана ұжымына, №25 мектеп-гимназиясы және №7 лицей орта мектебінің басшылығы мен ұстаздарына және оқушыларына алғыстарын білдірді.
«Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алмайды туған елін» демекші, Отанға деген сүйіспеншілік туған жердің тарихын білу, оны мақтаныш тұту сезімдерінен, соған лайық болуға ұмтылу қарекетінен туатынын ескерсек, тарихы терең, ел үшін орны ерен Талғарға Бақтығали ағамыз жалықпай көтеріп жүрген Талхиз аспан асты ашық музейі ауадай қажет! Тиісті мекемелер ұрпақ тәрбиесі тұрғысынан аса маңызды бұл бағалы бастаманы қаперге алады деп сенеміз.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы




