Алматы облысының тұрғыны жиһаз дүкенінен диван сатып алған. Алайда бір ай өткен соң тауарда айтарлықтай ақау бары анықталды – диван сынып, пайдалануға жарамсыз болып қалған. Бұл оның сапасының талапқа сай еместігін көрсетті.
Ақау анықталған сәтте тұтынушы сатушыға дереу ауызша хабар берген. Кейін заң талаптарына сәйкес жазбаша түрде алдын ала шағым жолдап, тауар құнын қайтаруды талап етті. Алайда сатушы тұтынушының өтінішін елемей, заңда көзделген мерзімде жауап бермеген.
Қайда жүгіну қажеттігін нақты білмеген тұтынушы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Уәкілетті орган тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде тауардың шынымен де сапасыз екені расталып, тұтынушының құқықтары толық қалпына келтірілді: сатушы 345 495 теңге көлеміндегі тауар құнын қайтарды.
Бұл жағдайдан тұтынушылар үшін мынадай қорытынды шығаруға болады: егер құқығыңыз бұзылса, уақытында және заң аясында әрекет ету қажет. Алдымен сатушыға жазбаша талап қою, жауап болмаған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органға жүгіну. Бұл ең тиімді әрі заңды жол.
Мемлекеттік бақылау тетіктері расымен де тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Өз құқығыңызды білу және оны қорғаудан тартынбау – әр азаматтың жауапкершілігі.




