Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Богданов, Беларусь елінің Алматы қаласындағы Бас консулы Денис Мелешкин бастаған делегациямен кездесу өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен агроөнеркәсіп кешен жетекшілері қатысты. Онда Беларусь Республикасының Витебск облысы мен Алматы облысы арасындағы аймақаралық байланысты арттыру жайы сөз болып, шаруашылық, су тазарту және қалдықтарды қайта өңдеу салалары бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Өткен жылдың қараша айында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Александр Турчиннің Қазақстанға ресми сапары барысында аймақ басшысы Марат Елеусізұлы Витебск облыстық атқару комитетінің төрағасы Александр Субботинмен кездескен. Оның қорытындысы бойынша аталған екі облыс арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. 2026-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген. Оның іске асырылуы өңіраралық байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бермек.
– Екі ел арасындағы қатынас өзара сенім мен құрметке негізделген. Отыз жылдан аса уақыт бойы байланыс айтарлықтай нығайды. Сексеннен астам халықаралық келісімшарт жасалған.
Алматы облысы – өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және логистика салаларында әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша және инвестициялық жобаларды іске асыруда бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Алматы облысының экономикалық көрсеткіші жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Өткен жылы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша республикада 10-нан 5-орынға көтерілді. Әлемнің 100-ден астам елімен сауда-саттық байланысын орнатқан.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен инновациялық Алатау қаласы құрылмақ. Біз құрылыс және құрылыс материалдарын өндіру саласы бойынша Беларусь инвесторларын осы жобаға қатысуға шақырамыз. Облыстағы 9 индустриялық аймақ және «Алатау» арнайы экономикалық аймағында компанияларға салық жеңілдігі ұсынылады, – деген Марат Елеусізұлы мәдени-гуманитарлық шараларға да тоқталды. Айтуынша, облыста 1200-ге жуық Беларусь этносының өкілі тұрады. Талғар ауданында «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Олар өткен жылы Масленица мерекесін өткізген. Ұйым басшылығы мен этнос өкілдері облыстық және аудандық іс-шараларға белсенді қатысады.
Өз кезегінде Алексей Богданов екіжақты байланысты нығайтудың маңызы зор екенін атап өтті. Делегация өкілдері ауыл шарушылығы, агроинженерия саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
«Зубр Агро» ЖШС директоры Дмитрий Фирсов Қазақстан мен Беларусь арасындағы бірлескен жобаға тоқталды. «Компаниямыздың мақсаты – Беларусь технологиялары мен өнімдерін Қазақстан нарығында ілгерілету. Біз фермерлерге арналған жабдықтар, мал өсіру, топырақты өңдеу, астық сақтау және ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп саласындағы мәселелерге кешенді шешім ұсынамыз.
Екі тарап Елшілігінің бастамасымен кәсіптік оқыту бағдарламасы ұйымдастырылды. Студенттер екі жыл Қазақстанда, кейін екі жыл Беларусь елінде білім алады. Олар тек теориялық біліммен шектелмей, Беларусь технологиясымен танысып, шаруашылықтағы ғылыми шешімдерді тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді. Нақты қай мамандықтар оқытылатыны қыркүйек айында белгілі болады. Зоотехника, ветеринария, топырақты өңдеу бағыттары енгізілуі мүмкін. Сонымен қатар қысқа мерзімді оқу мүмкіндігі де бар. Бұл біліктілікті арттыру курсына ұқсайды. Яғни білімі мен тәжірибесі бар мамандар 10-15 жұмыс күні аралығында арнайы технологиялардың қыр-сырын меңгереді. Жобаға әр елден 60 студент қатысады деп жоспарлап отырмыз. Әлі де талқылану үстінде. Бағдарлама наурыз-сәуір айларында нақты бекітіледі», – деді ол.
Кездесу соңында екі тарап өзара ынтымақтастықты нығайтып, нәтижелі әрі табысты байланыс орнатуға уағдаласты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС




