Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен облыс әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен Іле ауданы Түймебаев ауылындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордасында «Адал азамат: ауыл мектебінің келешегі» атты республикалық семинар-тренинг өтті. Жиынға ауыл мектептерінің директорлары мен орынбасарлары, әдіскерлер, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.
Ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруді көздейтін іс-шарада алғашқы сөз облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ақмарал Әтенбековаға берілді.
– Бүгінде облыс көлеміндегі 443 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте – 359 645, 55 жекеменшік мектепте 19 391 оқушы білім алуда. Үшауысымды оқыту мен орын тапшылығын жою мақсатында соңғы үш жылда 36 мемлекеттік және 33 жекеменшік жаңа мектеп ашылып, 6 қосымша жапсаржай салынды. Соның ішінде 17 білім ордасы «Келешек мектебі» жобасы аясында пайдалануға берілді. Нәтижесінде үшауысымды мектептер саны 52-ден 28-ге азайды. Облыстық білім басқармасы жыл сайын кәмелетке толмаған балалардың әлеуметтік жағдайын анықтау және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Дағдарыс картасын» дайындап, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде, – деген басқарма басшысының міндетін атқарушы тәрбие саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды.
Ақмарал Бақытқызы сөзінің соңында Алматы облысы қарқынды дамып келе жатқан урбанизация деңгейі жоғары аймақ болғандықтан, ауыл мектебін тек білім ошағы емес, заманауи технологиялар мен инновацияның орталығына айналдыру басты міндет саналатынын айтты.
Келесі кезекте ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Әйгерім Сәрсенбаева сөз алып, бүгінгі шараның мақсаты ауыл баласы мен қала баласының білім алшақтығын жою екенін атап өтті. Сонымен бірге мұғалімдер оқулықпен шектеліп қалмай, уақыт талабына сай платформаларды меңгеру керегін, сол себепті оларды жергілікті ұстаздарға таныстырып, қалай қолдануды үйрету ниетімен өздерімен бірге спикерлерді ертіп келгенін айтты.
– ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үшін бала қауіпсіздігі маңызды мәселе саналады. Оқушылар өмірде де, мектепте де, әлеуметтік желіде де өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Қауіпсіздік болған кезде ғана сапалы білім болады. Әр ауылдың баласы әлемдік деңгейде білім алып, адал азамат болуға қалыптасуы тиіс. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасын әр ауылдың мектебіне енгізуіміз қажет, – деді Әйгерім Арыстанбекқызы.
Одан кейін сөз алған «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қуаныш Сейтжанов болашақ ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеу баршаның міндеті екеніне көпшіліктің назарын аударды. Сонымен қатар ауыл мектебінің жай ғана ғимарат емес, мемлекеттің іргетасы саналатынын айта келе, бүгінгі семинардың ауылдың кадрлық резервін жасақтаудың алғышарты екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ауыл мұғалімін жаңа дәуірдің «креативті менеджері» ретінде көретінін, ол жасанды интеллектіні меңгерген, жаһандық трендтерден хабардар тұлға болуы тиіс екенін айтты.
Цифрлық дәуірдегі бала тәрбиесінің жаңа үлгісі ұсынылған маңызды басқосудың екінші бөлімінде қатысушылар төрт топқа бөлініп, бірқатар бағыттар бойынша тәжірибе алмасты.
– Бұл семинар мен үшін өте пайдалы, әрі қызықты болды. Спикерлер ауыл мектептерін дамыту, цифрлық технологияларды тиімді қолдану, білім сапасын арттыру және құндылыққа негізделген тәрбие туралы маңызды мәселелерді көтерді. Жас маман ретінде бұл шара педагогикалық дүниетанымымды кеңейтті. «Адал азамат» туралы ойлар маған үлкен әсер етті. Бұл шара мені кәсіби тұрғыдан одан әрі дамуға, үнемі ізденісте болуға және өз тәжірибемді жетілдіруге ынталандырды, – деді семинарға Іле ауданы Ащыбұлақ ауылындағы №19 мектептен келіп қатысқан жас маман Құндыз Бекболатова.
– Осындай іс-шаралар ауыл мектептері үшін ауадай қажет. Ақпараттандыру жылдам дамып бара жатқан кезде оқушыларға тек академиялық білім беріп қана қоймай, қауіпсіз цифрлы ортада қалыптастыру басты міндет болып отыр. Балалар – біздің болашағымыз. Ауылдық білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеру үшін жасалып жатқан жобаға үлес қосып жатқан ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – деді Түймебаев ауылындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлпара Қабышқызы.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Іле ауданы




