Орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында орманшыларға жалпы саны 19 бірлік жаңа техника мен заманауи дрондар тапсырылды.
Қонаев қаласында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, орман шаруашылығы жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, оларға жергілікті билік тарапынан көрсетілетін қолдаулар жалғасатынын жеткізді.
– Облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жаңа техникаларды табыстау шарасы – орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту жолындағы маңызды қадам. Соңғы бес жыл ішінде облысымызда орын алған орман өрттерінің жалпы аумағы 14 пайызға төмендеді. Бұл – алдын алу шараларының күшеюі, техникалық жаңғырту және жедел әрекет ету тетіктерінің тиімді ұйымдастырылуының нәтижесі. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық қамтылу деңгейі 86 пайызды құрайды. Жаңа техникалардың қосылуымен бұл көрсеткіш 90 пайыздан асып, саланың әлеуеті одан әрі нығаюда. Шағын өрт сөндіру кешендері өрт ошақтарына жедел жетіп, бастапқы кезеңде тілсіз жауды ауыздықтауға мүмкіндік береді. Ал тракторлар минералды жолақтар жүргізу, өрттің таралуына тосқауыл қою жұмыстарында тиімді қолданылады, – деді Бақытнұр Бақытұлы.
Шара барысында орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жұмысы көрсетілді. Бұл жүйе қазіргі уақытта Бақанас, Қарадала және Шелек орман шаруашылықтарында іске қосылған. «Бүгінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары бізде үлкен орман өрті болған жоқ. Қазір біз енгізіп отырған ерте анықтау жүйесі – тұман мен түтінді ажырата алады. Сонымен қоса облыста 20 шақырымға дейін радиуста жұмыс істейтін 18 камера орнатылған. Бүгінгі таңда заманауи технолгияларды орман өртінің алдын алуға белесене қолданып отырмыз», – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев.
Сала мамандарының айтуынша, заманауи дрондар орман алқаптарын бақылауды жеңілдетіп, өрт қаупін болдырмауға және заңсыз ағаш кесушілерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетер болсақ, орман шаруашылығы қызметкерлеріне табысталған АТМ тракторлары мен «JAC» маркалы шағын өрт сөндіру кешендері облыстық «Өнеркәсіпті дамыту» қоры ұсынған лизингтік бағдарлама шеңберінде сатып алынған.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы




