Отбасының ұйытқысы болып, шаңырақтың шырайын кіргізіп, ұрпақ тәрбиелеумен қатар, әйелдер қауымының бизнестегі іскерлігін, жұмысты жүйелі ұйымдастыра білетін жетекшілік қырын да айтпай кетуге болмайды. Бұдан бөлек, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып жүрген аяулы жандардың еңбегін де жоққа шығара алмаймыз. Солардың қатарында «Atlant Media» компаниясының басшысы Атлана Исаева да бар. Оның қызмет жолы мен азаматтық ұстанымы – бүгінгі заман әйелінің жарқын бейнесін айқындай түседі.
Қарасай ауданында туып-өскен Атлана Жанатқызы өзінен кейінгі сіңлілеріне қамқоршы, қорғаншы бола білді. Анасы Гүлсім Төлеуліқызы еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, мектеп басшылығында қызмет етіп, бүгінгі күні құрметті демалыста. Ал марқұм әкесі Жанат Исаев құқық қорғау органында табысты еңбек еткен атпалдай азаматтың бірі еді.
Атлана Қаскелең қаласындағы В.Белинский атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде білім алған. Аталған оқу орнын 1998 жылы тәмамдап, бүгінде өзі басшылық етіп отырған Қарасай аудандық газетінде еңбек жолын бастады. Ол кезде «Заман жаршысы» деп аталатын мерзімдік басылымда корректорлық міндетті атқарды.
Мамандығына деген адалдығының арқасында осы редакцияда қаламын серік етіп, 2010 жылға дейін тілші, жаңалықтар мен ақпарат бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың міндетін атқарушы, бас редактордың орынбасары сынды жауапты қызметтерде еңбек етті. Сонымен қатар сол жылдары «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының көшбасшысы болды. Ал 2014 жылға дейін өзінің қарым-қабілетін басқа салада сынап көріп, бірнеше компанияда бас менеджер, директордың орынбасары сияқты лауазымда жұмыс істеді.
Алайда Атлана Жанатқызы өсіп-өнген ортасынан, мамандыққа деген қызығушылықтан алыс кете алмады. 2014 жылы журналистика саласына бағыт-бағдар беріп, жолын ашқан Қарасай аудандық газетіне қайта оралды.
Жетекшілік тұрғысынан тәжірибелі болғандықтан, бұл жолы ол аталған мерзімдік басылымға бас редактор қызметіне тағайындалды. Міне, сол күннен бері редакцияның тізгінін ұстап, ауданның айнасына айналған газетке байыпты басшылық етіп келеді.
Заман талабына сай БАҚ саласындағы заңнамалық өзгерістер газетпен де тікелей байланысты екені анық. Мұндай тағдыршешті талқылаулар біздің басылымның басынан да талай өтті. Солардың бірін мысал ретінде айтар болсақ, Алматы облысының аумағындағы аудандық газеттер квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорынға тиесілі болғандықтан, 2021 жылы әрбірі жекешелендірілді. Дәл осы мезетте мерзімді басылымдарға редакторлардың өздері жанашырлық танытқанымен, біраз газет нарықтағы бағадан ауытқып, кейбір кәсіпкерлердің қолдарына өтіп жатты. Алайда Атлана Жанатқызының табандылығы мен жанкештілігінің арқасында Қарасай ауданының «Заман жаршысы» газеті өз мәртебесін сақтап, ұйымшыл ұжымын жоғалтқан жоқ. Осылайша, 2021 жылдың тамызында серіктестіктің иесі өзгеріп, оның құрылтайшысы «Atlant Media» болып өзгерді. Редакцияның ұтымды әрі айқын бастамалары үнемі ізденіске негізделіп, жүйелі жүргізіліп отырды. 2022 жылы газет атауы «Naqty» деп өзгертіліп, жаңаша бағытта жұмысын жалғастырды.
Бүгінгі таңда 90 жылдан астам тарихы бар аудандық газеттің жеткен жетістіктері аз емес. Осының барлығы ұжымның қажыр-қайратының арқасында десек, тағы бір себеп – Атлана Жанатқызындай білікті басшының талапшылдығы, жаңашылдығы, бастамашылдығы.
Атлана Исаеваның саясат сахнасындағы көштен қалмауын айрықша атап өтуге болады. Ол «AMANAT» партиясының мүшесі ретінде бірнеше шақырылымдағы Қарасай аудандық мәслихатының депутаты атанып, ел мүддесі жолында жұмысын әлі күнге дейін жалғастыруда. Әрдайым мәслихат сессияларында тұрғындардың талап-тілегіне байланысты түрлі мәселе көтеріп, оңды шешілуіне күш салады.
Атлана Исаеваның депутаттық мандатынан бөлек «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы Алматы облыстық өңірлік кеңесінің мүшесі екенін айта кеткен жөн. Мұнда ол әріптестерімен бірге бизнесті қолдауға атсалысып, осы салада еңбек етіп жүрген жандардың мәселелеріне мән беріп, құқықтарының қорғалуына қолдау танытады. Қарап тұрсақ, нәзік жан иесінің бір басына бірнеше жауапты істерді арқалағанын байқауға болады. Әрі оны абыроймен арқалап, көптің көңілінен шығып, қызметін табысты атқаруда.
Десе де, Атлана Жанатқызының негізгі жұмысы БАҚ-пен тікелей байланысты болғандықтан, бұл бағыттағы бастамалары да ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтқанда, алдымен ол – газет жұмысымен қатар «Atlant Media» ЖШС-нің иелігіндегі «Naqty.kz» желілік басылымының жетекшісі. Бүгінде аталған ақпараттық платформа әлеуметтік желі арқылы тұрақты оқырман қалыптастырып, аудан, облыс жаңалықтарынан басқа ел ішіндегі және әлемдегі оқиғалардан хабардар етеді. Ал оның «YouTube» арнасы ауданның айшықты және жетістікке толы жайттарын бейнематериал арқылы жұртшылыққа жеткізеді.
«YouTube» демекші, бүгінде Атлана Исаеваның жарқын жобаларының бірі – «Сөйле» арнасы. Құрылғанына екі жыл болса да, ақпараттық кеңістікте 55 мыңдай оқырманды бір ортаға сыйғызып, шекаралас мемлекеттер мен ел аумағындағы тұрғындардың көңілінен шығуда. Қазақ тіліндегі креативті жобаның басты мақсаты – айрықша жандарды таныстырып, құпияға толы және әдемі аймақтардың ерекшелігін насихаттау.
Жаңашылдықты жаны сүйетін Атлана Жанатқызының «Шапағат» оқу орталығы да нәтижесін беруде. Мұнда мобилография, SMM, таргет сияқты бағыттарда білім алып, заман талабына сай маман иесі атануға болады. Аталған орталықтың құрылғанына бір жылдан асса да, қаншама түлек қысқа мерзімде тиісті деңгейде оқу оқып, әр бағыттың қыр-сырын үйренді. Бұл курстар әлі де жалғасуда.
Атлана Жанатқызының 30 жылға жуық БАҚ пен медиа саласындағы қалтқысыз қызметі әркезде лайықты бағасын алып келді. Соның ішінде айрықша атап өтерлігі – Президент Жарлығымен кеудесіне жарқырата таққан «Шапағат» медалі. Журналистика саласындағы еселі еңбегінің арқасында «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісіне де ие болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының және ҚР Парламенті Сенаты төрағасының Алғыс хатымен марапатталып, түрлі мерейлі күндерге қатысты медальдармен наградталған. Облыс, аудан әкімдерінің де, басқа қоғамдық ұйым басшыларының да талай құрметіне бөленіп, бірнеше Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттың иесі атанды.
Иә, өздеріңіз байқағандай, Атлана Исаеваның әр бастаманың көшінде жүргеніне көз жеткізе аламыз. Ол – жұмыста іскер, батыл, білгір басшы болса, отбасында мейірімін төге білетін аяулы да ардақты ана. Оның ұрпақ өрбітіп, тәрбие беру жағына да қызыға қарауға болады. Өйткені үш перзентінің алдында аналық парызын адал орындап, ұл-қыздарының қанатын қатайтты. Бүгінде үйдің үлкені Ақтолқын тұрмыс құрып, Атлана Жанатқызына «нағашы апа» деген мәртебе сыйлап отырған жайы бар. Жансаясы жанына сая болып, білікті маман атанса, үйдің кенжесі Жанали биыл SDU University оқу ордасын жемісті аяқтағалы тұр.
Міне, біздің редактор осындай! Қос 25-ті артқа тастап, өмірдің тағы бір белесіне құлаш сермеген басшымызға тек ғибратты ғұмыр тілейміз! Жақсылықтың жетегінде өмір сүріп, отбасының ортасында, жақындарының жанында гүлдей жайнап жүруіне тілектеспіз! Әрдайым абырой биігінен көрініп, табандылығыңыз табысқа жетелей берсін.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
Қарасай ауданы




