Елімізде құқықбұзушылықтың алдын алу және отбасы институтын нығайту мақсатында «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Заң мен тәртіп тұжырымдамасын іске асыру аясында 12 ақпаннан бастап Алатау қаласының аумағында аталған профилактикалық шара қарқынды түрде жүргізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасындағы жанжалдардың туындауына жол бермеу және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға дер кезінде көмек көрсету. Осы бағытта Алатау қаласындағы Отбасын қолдау орталығының мамандары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, тұрмыстық жағдайы төмен әрі агрессиялық мінез-құлық белгілері байқалатын отбасылармен кешенді профилактикалық жұмыс жүргізілді.
Рейдтік іс-шара барысында азаматтармен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы зерделенді. Қажет болған жағдайда психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау тетіктері ұсынылды. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары да қосымша өткізілуде.
Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді жұмыс құқықбұзушылық салдарымен күресуге ғана емес, ең алдымен, оның алдын алуға бағытталған. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижесінде қауіп-қатер тобына жататын отбасылар дер кезінде анықталып, оларға жеке сүйемелдеу шаралары көрсетілді.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қоса бермек.
Ләйлә КЕҢЕСБАЕВА,
Алатау қалалық Отбасын қолдау орталығының директоры




