Алматы қаласында өткен «A.SIRIUS 2026 жұлдыздары» атты халықаралық иттер көрмесінде 6654 әскери бөлімінің кинология қызметі жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ресей Федерациясынан келген халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылған бұл ауқымды шараға 41 түрлі тұқымнан 100-ден астам ит қатысты.
Аталған көрмеде 6654 әскери бөлімінің кинология орталығының қызметтік иттері мен күшіктері де бақ сынап, өздерінің жоғары деңгейдегі дайындығын дәлелдеді. Барлық ұсынылған иттер халықаралық стандарттарға сай бағаланып, «Үздік» және «Өте жақсы» деген жоғары бағаларға ие болды.
Әсіресе, неміс овчаркасы «Санди» ашық сыныпта «Үздік» атағын жеңіп алып, «CAC» сертификатына ие болды. Бұл нәтиже оны ұлттық чемпионатқа үміткер ретінде танытты.
Бельгиялық овчарка (малинуа) тұқымының өкілдері де жоғары көрсеткіш көрсетті. «Айс» атты ит жасөспірімдер арасында жүлделі 2-орынды иеленіп, «Best Junior» және «BIS» атақтарын жеңіп алды. Ал «Ада» күшігі «Best Junior» атанып, көрменің үздік күшіктерінің бірі болды.
Сонымен қатар, «Слейт» атты қызметтік ит ашық сыныпта «Өте жақсы» бағасын алып, «CAC» және «CACIB» халықаралық атақтарына ие болды. Бұл оның жоғары сапалы асыл тұқымды ит екенін дәлелдейді.
«Verleinix of flying porkies» атты ит «RCAC» атағын жеңіп алып, ұлттық чемпионаттың резервтік үміткері атанды. Ал «Артист» атты күшік барлық қатысушылар арасында «Best Puppy» атағын иеленіп, көрменің үздік күшігі болып танылды.
Көрме қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Халықаралық деңгейдегі «CAC» және «CACIB» сертификаттары селекциялық жұмыстың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Бұл жетістіктер – 6654 әскери бөлімінің кинология қызметінің кәсіби дайындығы мен жүйелі жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар, қызметтік иттерді тәрбиелеу мен даярлау ісінде жоғары стандарттардың сақталатынын айқын дәлелдейді.





