Перейти к содержимому
Главная страница » Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы

Адам құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің басты құндылығы

       Жаңа Конституция жобасының жариялануы – еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Құжаттың Преамбуласында алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде айқын көрсетілді. Бұл – мемлекеттің даму бағыты адам мүддесіне, оның қадір-қасиеті мен еркіндігіне негізделетінін білдіретін маңызды қадам.

Ата заң – кез келген елдің құқықтық іргетасы. Жаңа Конституция жобасы осы іргетасты заман талабына сай нығайтуды көздейді. Құжаттың бүкіл мазмұнынан адам құқығын қорғау, әділетті қоғам қалыптастыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету қағидаттары айқын көрініс табады. Мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілік күшейтіліп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктері жетілдіріледі.

Жаңа жоба тек құқықтық нормаларды жаңартумен шектелмейді. Онда мыңжылдық тарихымыздың сабақтастығы, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің маңыздылығы да айрықша атап өтілген. Бұл – тарихи тамырын сақтай отырып, заманауи құқықтық мемлекет құруға бағытталған ұстаным. Яғни, жаңа Конституция жобасы өткен мен бүгінді байланыстырып, болашаққа нақты бағдар береді.

Сонымен қатар, құжатта азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, әділ сот төрелігін дамыту, басқару жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл өзгерістер қоғамдағы сенімді нығайтып, тұрақты дамуға негіз болады.

Қорыта айтқанда, жарияланған жаңа Конституция жобасы – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын стратегиялық құжат. Адам құқықтары мен бостандықтарын басты құндылық ретінде бекіту – құқықтық мемлекет қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Ата заңның жаңа жобасындағы негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы толығырақ ақпаратты келесі материалда таныстырамыз.

Саурбаева Риза Санаққызы,

Алатау қаласы Аналар кеңесінің төрағасы