Ең үлкен түйе шаруашылығының негізін қалаған әрі Гиннестің рекордтар кітабына енген белгілі кәсіпкер – Сыдық Дәулетов жаңа Конституцияны қолдайды. Ол өзі ғана емес, ұжымындағы 200-ге тарта жұмысшы-мамандардың да жаңа Ата Заң жобасын қолдайтынын алға тартуда.
Сыдық Әбуұлының бір түйеден басталған шағын кәсібі қазір «Дәулет-Бекет»» атты үлкен түйе шаруашылығына айналды. «Дәулет-Бекет» шаруашылығы Ақши ауылында 2001 жылы ашылды. Алғаш кәсібін 2-3 түйемен бастаған шаруашылық иесі 2004 жылы 50 мың АҚШ доллар несие алып, ел аралап, түйе жинайды. Сол жылы 80 боталы түйе сатып алады. Нәтижесінде бір түйе 5 мың басқа көбейеді. Қазіргі таңда одан бөлек мейрамхана, балабақша, шипажайлары бар. Соңғы зауытты 2021 жылы салды. 2019 жылы өнімін Қытай еліне экспорттауға мүмкіндік алды. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында түйелі алты өңірде болып, тәжірибесін бөлісті. Қазір Маңғыстауда сауын цехтары іске қосылып, оны құрғақ сүтке айналдыратын зауыттың көшірмесін жасап шығаруда. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосып жүрген Сыдық Дәулетов елдің тұрақты дамуы берік құқықтық негізге сүйенуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет дамуының басты тірегі – қоғамдағы заң үстемдігі мен азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының Конституциясы.
– Мен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің тұрақтылығы мен дамуының берік негізі деп есептеймін. Негізгі заң мемлекетіміздің бағытын айқындап, әр азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғауға қызмет етеді. Сондықтан Конституцияны қолдау – елдің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ міндеті деп санаймын. Біз бірлік пен тұрақтылықты сақтай отырып, мемлекетіміздің одан әрі дамуына үлес қосуымыз керек. Сол себепті қоғам үшін маңызды бастамаларды қолдап, ел игілігі жолында бірлесе әрекет ету қажет деп ойлаймын. Облыс жұртшылығын, Ақши ауылының тұрғындарын 15 наурыз күні өтетін референдумға бір адамдай қатысып, дауыс беруге шақырамын. Біз жаңа Конституцияны қолдаймыз!
Алматы облысы ғана емес, еліміздің ауылшаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосып отырған “Дәулет-Бекет” түйе шаруашылығы өз жем-шөп базасын құрған. Шаруашылық жем-шөпке қажет беде мен жүгеріні тамшылатып суару әдісін қолдана отырып өсіреді. Қыста шаруашылық 5 тонна, жазда 10 тоннаға дейін түйе сүтін өндіреді. Шаруашылықта 200-ге тарта адам жұмыспен қамтылған, жұмысшылардың орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайды. Алматы қаласы мен облыс аумағындағы фирмалық дүкендерінде ерекше сұранысқа ие шұбат, қымыз, құрттың 30-дан астам түрі, ірімшік және басқа да сүт өнімдері саудаланады.




