Жамбыл ауданынының Аққайнар ауылындағы спорт кешенінде 5-6 сынып оқушылары арасында футболдан аудандық жарыс өтті. Оған алдын ала іріктеу сынынан өткен 8 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.
Жарыстың салтанатты ашылуында Аққайнар спорт кешенінің директоры Дәурен Әбішев жас футболшыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі. Сондай-ақ жарысты ұйымдастырушы, осы ауылдағы Т.Бокин атындағы орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тұрсыналы Бектұрған көктемнің жаңару мерекесінде бас қосқан балғын аяқдопшылардың тамаша ойын өрнегін көрсететініне сенім білдірді.
Жамбыл ауданының Қарғалы, Қасымбек, Беріктас, Жамбыл, Үңгіртас, Ұзынағаш, Аққайнар, Қазыбек бек елдімекендерінің орта мектептерінен құралған командалар өзара тартысты бәсекеге түсті. Ұлттық мектеп лигасы бойынша ұйымдастырылған жарыстың қорытындысында жақсы ойын өрнегін көрсете білгендердің мерейі үстем болды. Атап айтқанда Ұзынағаш ауылынан келген команда бәрінен басым түсті. Екінші орынды Қасымбек орта мектебінің оқушылары жеңіп алды. Ал Жамбыл атындағы орта мектебінің жас футболшылары үшінші орынға табан тіреді.
Жеңімпаздар салтанатты жағдайда марапатталды. Енді үздік команда сәуір айында өтетін облыстық жарысқа қатысады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы





