Марат Қораласовпен алғашқы таныстығымыз сонау кеңшар, ұжымшарлар тарқамай тұрған кең кезеңде, ол Ұзынбұлақ асыл тұқымды қой кеңшарының директоры болып тұрғанда басталған-ды. Менің журналистік әуестікпен қойған сұрақтарыма тақ-тұқ жауап беріп, өзі туралы қысқаша мәлімет берді.
– Өй, Жақа, менің үш-ақ күндік үлкендігімді есептемегенде, екеуміз бір жылы, бір айда туған түйдей құрдас екенбіз ғой, – деген-ді ол ашық-жарқын мінезіне салып. – Не жазам десең де, бәрі алақанға салғандай, көз алдыңда. Ауданымыздың басшысы Босатқан Ұлдарбеков шаруашылықты маған сеніп тапсырғаннан бері табан аудармай қызмет етіп келемін. Сөз арасында айта кетейін, танитын болсаң, ол кісінің орынбасары Тұрсынгүл Мұқанова – өзі бір аяулы жан. Басшылық қарым-қабілеті жоғары, кісі де тани білетін, өз ісіне берілген екеуіне алғыстан басқа айтарым жоқ.
Бұған дейін мен жас маман ретінде институт жолдамасымен Бөлексаз мал бордақылау кеңшарына экономист болып барып, бас агроном лауазымына дейін көтерілген едім. Содан жолдаманың үш жылдық мерзімі біткесін өз ауылыма шақырту алдым. Негізі, мен Қарқарада туып-өскеніммен, балалық шағымнан бастап, ес білгенге дейінгі өмірімнің көп бөлігін осы Ұзынбұлақ ауылында өткізіп келемін. Маған дейін бұл кеңшарды ұлағатты ұстазым болған Болат басқарған-ды. Маған дөңқабақ танытпақ түгілі, аялы алақанына салып кетті. Мұндай басшыдан айналмайсың ба?! Ол кісінің қарамағында бас агроном, кейін бас инженер болып, біраз тәжірибе жинақтадым. Ал, партия ұйымын, үзеңгілес болып, өзім бұрыннан танитын аттас аға-досым Марат Тақабаев көп жыл бойы басқарды. Кейін ол Кеген аудандық партия комитетіне екінші секретарь болып, қызметі жоғарылап кетті.
Мараттың ағынан жарылған әңгімесін тыңдап отырып, оның бойындағы адамгершілік асыл қасиеттердің бәрі тағылымы зор, тәлім-тәрбиесі мол ата-анасынан екені сөзсіз деп ойладым. Мәкеңнің өз айтуынша, оның әке-шешесі қазақы салт-дәстүрді бойына молынан сіңірген, балаларын мәпелеп өсіріп, өнегелі де, үлгілі көпбалалы отбасының бірінен саналған қарапайым ғана ауыл еңбеккерлері болған көрінеді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, Марат та – бала-шағасына елжірей мейірімін төккен әке, парасатты азамат. Ауылда медбике болып жұмыс істейтін зайыбы Гүлшат Табылғанова екеуі сегіз бала өсіріпті, олардың алды үйленіп, өз алдына отау құрып үлгеріпті. Бейсебай құдасы – ауданда банк басқарған абыройлы кісі.
Байқауымша, өзім суыртпақтап сұрамасам, Марат өзінің жеке басының өмірі, отбасы жайлы әңгімелегеннен гөрі, ауыл адамдары туралы айтқанды тәуір көреді екен. Кейпінде өз ісіне деген мақтаныш мұраты маздайды.
– Еңбек деген осы ғой, – дейді ол желпіне түсіп. – «Жас келсе іске» дегендей, жастармен жұмыс істеу бір ғанибет қой. Ауылда еңбекке жараған кемпір-шалдар да осында. Бірді-екілі малына жем-шөбін, отын-суларын тегін жеткізіп беремін. Олардың да қысы-жазы қолғабысына зәруміз. Атам қазақ «түстік өмір берсе, кештікке қам жаса» демеуші ме еді өзі? Әр шаңырақтың қамын басшы адамның ойлай жүргені жөн. Үлкендерге сәлем беріп, шәйін ішіп, дәмін татамын. Шаруа жайын олар көп біледі, солардан үйрену керек. Оларың шетінен мал шаруашылығының бір-бір академиктері ғой, шіркін, – деп Мәкең ауылдастарын жоғары көтеріп, мейірленді.
Асылы, «Ер еңбегімен ардақты» дегендей, Марат – өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарын ерте танып, еңбек майданына ерте түскен азамат. Білімі мен біліктілігін, оған қоса өмірлік тәжірибесін шебер ұштастыра білген Мәкең өзіне тапсырылған істі ойдағыдай, адал атқарғанының арқасында аудан басшылығының айрықша назарына ілікті. Қамал алар қылшылдаған қырық жасында директорлық қызметке кіріскен ол өзіне сеніп тапсырылған шаруашылықты ұршықтай шыр айналдырып, аз уақыт ішінде ауылды аудандық көрсеткіштер жағынан алдыңғы қатарға шығарды.
Міне, осы өзгерістердің басы-қасында қарапайым отбасынан шыққан Марат Қораласов та жүрді. Жоғарыда айтқанымдай, талайды көрген мен ауыл халқының көбі кеңшар директорының осы белсенді іс-әрекеттерінен хабарсыз болды деп те айтуыма болады. Себебі, жасыратын не бар, олар «осыншалықты өзгерістердің түпкілікті құпия-сыры – үкімет пен партияның қамқорлығында» деп түсініп, «солай болуы тиіс» деп қабылдайтын. Мейлі ғой, қалай десек те, бұл ендігі сәтте Мәкеңнің орасан зор еңбегін бағалауға нұқсан келтіре алмас. Оның жұмыс десе, ішкен асын жерге қоятын қара нардың нақ өзі екеніне көзім анық жетті.
Обалы не керек, кезінде Марат Қораласов басқарған шаруашылықтың да жоғары көрсеткіштері өкімет пен партияның назарынан тыс қалмай, тиісінше бағаланғанын айта кету керек. Кеңшар неше дүркін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен, ауыспалы Қызыл Тумен марапатталды. Бұл марапаттардың кезінде жоғары мемлекеттік деңгейдегі марапаттар болғанын атап айтқан жөн. Ал, кеңшар директоры Марат болса, өзі басқарып отырған ауылдың экономикасын арттырумен қатар, оның мәдени және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ оны абаттандыруға күш салғаны үшін бірнеше орден, медальға ие болды.
Айтса айтқандай-ақ, Мәкеңнің ой-толғамындағы ішкі тартысы, өзекті тұжырымы өзіне ғана тән бір сыпайы сыршылдығында, сыншылдығында, болмысына дарыған шыншылдығында болса керек. Оның өз ортасында Мәке атануы да – шынайы сыйластықтың белгісіндей. Кейде шешіліп сөйлеп кетсе, абыздар сарқытын ішкендей, тарихты да тереңнен толғайтыны бар. Астарлы сырын көкейіне берік ұстанған жан.
– Әсілі, әр ауылдың өз экономикасы бар, – деді ол ойлы жүзбен. – Жер көлемі, суы, егістігі, шабындығы, тауының сай-саласы, ал ең бастысы, адам капиталы жеткілікті болса, мығым шаруашылық деген сол емес пе? Тұғырлы еңбек өндірісінің өнімін өзіміз қолға ұстамай, шекеміз қызбас. Рухани салт-дәстүрге қызмет ету керек. Әрқайсымыз нардың жүгін көтергеніміз абзал. Бір елдің білгіші бізді қолтығымыздан демемейді. Олар пайда табу үшін келеді. Сондықтан да, біздің әрқайсымыз «мен кіммін, қоғам қайда бара жатыр?» деген сауалды жиі қоюымыз керек.
Мараттың мынадай бағыт-бағдарын көріп: «Елге деген ыстық ықыласы сарқылмайтын сақып жан екен», – деп ой түйген едім сонда. «Ине-жіптен өткендей білімді маман, білікті басшы азаматтық, адамгершілігімен әлі-ақ ауыл өмірінің эталоны болмақ», – деген оймен қол алысып, жөнімізге кеттік.
Заман өзгеріп, тәуелсіздіктің ақ таңы атып, керексіз болып қалған кеңестік шаруашылықтар тарай бастағанда, Марат көз алдында өтіп жатқан бей-берекет тірлікке, әділетсіздікке бей-жай қарап отыра алмады. Қайта белсенділік танытып, кезінде өз қолымен құрысқан шаруашылықтың дүние-мүлкі талан-таражға түсіп кетпеуін қатаң қадағалады. Жаңа жағдайды түсіне алмай, алмағайып заманға бейімделе алмай, аңырып қалған ауыл жұртын жұмыссыз қалдырмау мақсатында қауымдастық құрып, оған өзі басшылық етті. Әлбетте, нарық заманында нақты іс-қимылсыз ешкім де табысқа жете алмайды. «Алма піс, аузыма түс» деген жарамайды. Қажырлы еңбек, қайтпас талап керек. Мәкең өзіне тән турашылдығымен: «Біз көбіне-көп өз жерімізді өзіміз белімізді бүгіп, маңдай терімізді төгіп, икемділікпен игеріп кетуге салғыртпыз. Мына қараңыздаршы, қырғыз, өзбек ұлтының өкілдері біздің жердің құнарлы алқаптарын жалға алып, жан сала еңбек етіп, нәсібін айыруда. Ал қазақ бауырларымыз өз жерін жалға беріп, өзі қалаға қатынап, қалт-құлт күн кешуде. Бұл қазақ деген айбарлы аты бар елдігімізге сын емес пе?! Ауыл тұрғындары сол ағайындардан жерді тиімді игерудің тетіктерін үйренгені абзал», – дейді.
Мәкеңнің өзі сексеннің сеңгіріне келсе де, әлі күнге дейін аттан түсе қоймаған. Шаршап-шалдықпай, көшбастардың бірі болып, тың бастамалар көтеріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Ел игілігі үшін жарты ғасыр бойы жанын салып келе жатқан оның ауыл көшесінде жатқан көлденең тасқа шейін қырағы көзінен таса қалған емес.
Мәкеңнің өмірге деген өзіндік байламы бар. Ар мен жан тазалығы жастардың бойына сіңісті болуын қалайды. Саналы мына тіршілікте сапасыз, тиянақсыз күн кешуден сақтасын деп тілейді. Өмірдің рахаты сапалы еңбекте екенін айтудан жалықпайды. Тәубе мен сабыр өмірдің мәні екенін айтып ескертеді. Ар-ожданға байланған тазалық пен ғибраттан уызданған ұл-қыз елінің тұлғасы екенін насихаттаудан да жалықпайды.
«Ақсақалы бар ауыл адаспайды» деген қағида маған Марат Қораласов сынды азаматтарға арнап айтылғандай болып көрінеді. Ауылын ардақтайтын осындай арда азаматтар азаймаса екен деп тілейік.
Жақыпжан Мысабекұлы,
Алматы облысының Құрметті азаматы





