Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылында Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық ойындар жарысы өтті. Оған ауыл мектептерінің оқушылары белсенді түрде қатысып, өзара бақ сынасты.
Шараның ашылу салтанатында Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан Қасымшалов, аудандық «Жас Ұлан» оқушылар үйінің директоры Райхан Жәнібекова Наурыз мерекесімен құттықтап, ұлттық спорттың маңызына тоқталды. Ұйымдастырушылар ұлттық ойындардың жастарды ептілікке, батылдыққа, төзімділікке және ұйымшылдыққа тәрбиелейтінін ерекше атап өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, қазақтың дәстүрлі ойындарын дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыс барысында қазақтың дәстүрлі ойын түрлері қамтылып, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, қазақша күрестен қызу бәсеке болды. Сондай-ақ шахматтан жарыс өтті. Әр ойын өз ережесіне сай өткізіліп, қатысушылардың өнерін әділ қазылар алқасы бағалады. Оқушылар өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын, күш-жігерін көрсетіп, жоғары нәтижеге жетуге тырысты. Өнерімен ерекшеленген қатысушылар көпшіліктің ықыласына бөленді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынында зейінділік пен терең ойлау қабілеті сынға түсіп, жас ойыншылар өз шеберліктерін дәлелдей білді.
Ұлттық ойындар жарысы жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне зор мүмкіндік береді. Осындай тағылымы мол іс-шаралар арқылы ұлттық құндылықтарымыз жаңғырып, келешек ұрпаққа аманат ретінде жете беретіні сөзсіз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




