«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Жамбыл ауданындағы Ақтерек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді.
Коалиция өкілдері Президент лауазымына бір адамның тек бір рет қана және жеті жыл мерзімге ғана сайланатыны, оған партия мүшелігіне шектеуқойылатыны, кадрлық шешімдерді Құрылтай келісімімен қабылдайтыны және билік тармақтарының теңгерімі мәселелеріне баса тоқталды.
Бұл орайда коалиция мүшесі Тәңірберген Қасымберкебаев реформаның осы мәселеге қатысты тұстарын кеңінен тарқатты: «Жаңа Конституция жобасы билікті күшейтуге емес, оны шектеуге бағытталған. Президент бір рет қана жеті жылға сайланады және бұл норма Ата Заңда өзгертілмейтін қағида ретінде бекітіледі. Өкілеттік кезеңінде Президент партия мүшесі бола алмайды, ал жақын туыстары саяси мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Бұл – биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін нақты құқықтық тосқауылдар. Сонымен қатар заң шығару билігі толықтай сайланған Құрылтайға беріледі. Бұл – халық еркінің тікелей көрінісі», – деді ол.
Аудан орталығынан 85 шақырым қашық жатқан Ақтерек ауылының тұрғындары алдымызда болатын республикалық референдумның ел болашағы үшін маңызды екенін жете түсінетіндіктерін білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы



