«Тау ұлымын! Тау менің дәу бесігім» деп жырлаған Мұқағали ақынның табиғат өзі сомдаған таудағы тас мүсінін көріп, таза ауамен тыныстау үшін ертемен Шелек ауылына жетіп, сөгетілік Мұхамед доспен Көкпек шатқалын бетке алып жолға шықтық.
Айналаны қою тұман басқанымен, күн сәскеге көтеріле аспан ашыла бастады. Көкпек сайының ішінен қарағанда пирамидадай үшкір тау жоталары көгілдір түске малынып тұрғандай көрінеді. Жол талғамайтын көлікпен сайдың шығар тұсына тақалғанда көтермеден оңға бұрылып, оншақты шақырым жүрген соң Бартоғай су қоймасын айналып өтіп, Ителгі сайымен жоғары көтеріліп, Алабайтал тауының Асы жайлауы мен Сарытауға асатын тұсына жеттік. Осы жерден Мұқағали ақынның табиғи мүсіні көрінді. Бұл тау мүсін маған:
Тік тұр ол,
Қырын қарап сай-салаға.
Күн көркі, көк мекені, ай шағала.
Қалғымай қанша жылды өткерді екен.
Тәкаппар Тянь-Шаньдағы қайсар аға? – деп Хантәңірі шыңына қарап өлең оқып тұрған Мұқағали ақын бейнесін елестетті.
Бұл тау мүсінді алғаш тапқан бүгінгі жолсерігім Мұхамед Бәйітбайұлы Исабеков болатын. Оның да азан шақырып қойған аты Мұхамедқали еді. Жас балаға пайғамбардың аты ауыр болады деп ата-анасы мен ауылдастары «Мүлік» атап кетіпті. Мұхамед Исабеков 1957 жылы 2 мамырда дүниеге келген. Білімі – жоғары. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлегі. Мамандығы – зооинженер әрі этнограф. Экспериментальды биология институтында және Қазақ балық аулаушылар одағында жұмыс істеген. Қазір – зейнеткер. Табиғат сырларын жетік білетін маман ретінде қол қусырып отыра алмайтын азаматтың бойында ұрпақтан-ұрпаққа ата-баба қанымен берілген қазақтың бекзат өнері – құсбегілік, саятшылық сияқты ерекше бір қасиет бар. Талай жарыстардан жүлдемен оралып жүрген Мұхамедтің ұлы Өмірхан Бәйітбайдың баптаған қаршығасы мен бүркіті жуырда Өскемен қаласында өткен Халықаралық құсбегілер жарысында тағы да бас бәйгені иеленді.
Тоқсаныншы жылдардың соңына дейін қыран бүркіт баптап, құмай тазы жүгіртіп, жүйрік ат жаратумен айналысқан Исабековтер әулеті 2003 жылы Сөгеті ауылында «Саятшы» құсбегілер клубын құрып, «Жеті қазына» мұражайын ашқан. 2007 жылы інісі Бекмұхамедқали Исабеков мен туысы Әбілхақ Тұрлыбаев үшеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының жобасына қатысып, сол ұйымның шақыруымен Англияда өткен дүниежүзілік құсбегілер жарысында өнер көрсетіп, қазақ елінің Көк Туын желбіретіп, Әнұранын әуелеткен. Саятшы жігіттер кейіннен БҰҰ жанындағы «Бүркіт» атты қордан 2 жылдық ауқымды жоба грантын ұтып алған. Жоба бойынша қыста бүркіттерді есепке алып, ұяларын тіркеген, бүркітшілерге дүрбі таратып, еттері бұзылып кетпес үшін тоңазытқыш алып беріп, бүркіт балапандарына сақина салған және құстарды азықтандыру сияқты жұмыстар жүргізген.
Бұрынырақта Мұхамедтің 7 жасар қызы дүниеден өткен еді. Қызының қайғысы қабырғасын қайыстырып, есінен шықпай жүрген Мұхамед бірде таңға жуық түс көрген. Көкпектегі Жүрек тауына барғанда қағбатастың жанында тұрған нүктені көзі шалады. «Бұл не? – деп дұрыстап қарасам, қызым қайтыс болғанда жылап тұрған өзімді көрдім. Кенет «Ей, қызталақ, бос кеуде, боркемік неме екенсің ғой, қызығы тайып, қызы өлген жалғыз сен бе бұл маңда?» деген Мұқағали ағаның өз дауысын естідім. Жалт бұрылып жауап берем дегенше Мұқағали аға тау мүсінге айналып кетті. Оянсам түсім екен, неге жорырымды түсінбей, кімге айтарымды білмей дал болдым», – дейді Мұхамед. Содан кейін арада біраз уақыт өткен соң «Бүркіт» жобасы бойынша Зоология институтының мамандарымен бірге шетелден комиссия келеді. Олар қолға алынған жұмыстарды тексеріп қайту үшін тауға барып, бүркіт ұяларын көреді.
«Әр бүркіттің аңға шығатын аумағы, ұяларының ара қашықтығы шамамен 5 шақырым болады екен, біздікі одан жиірек орналасыпты. Олар біз істеген жұмыстар мен көрсеткен ұяларға қатты таңғалды. Суретке түсіріп, бейнетаспаға жазып алды. Келесі бір ұяны көрсетіп, төмен түсіп келе жатқан кезде мен түсімдегі Мұқағали ағаның тау мүсінін көзім шалды. Жанымдағы Зоология институтының мамандары Сергей Склеренко, Андрей Коваленко, тағы басқа жігіттерге: «Мынау қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табиғи мүсіні ғой», – деп дауыстадым. Олар: «Сен неге эмоцияға беріліп, таңырқап тұрсың» деп мені дұрыс түсінбеді», – дейді Мүлік Исабеков.
Мұхамед ауылға келген соң жігіттерді жинап, сол жерге қайта барған. Қара мәрмәр тасқа «Қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табиғи мүсіні. «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам, Кім құмартса өзі көрсін көзімен. Мұқағали», – деп жазады.
Бәрі дайын болған соң, ол ақын Бақыт Беделханға жолығып, мән-жайды түсіндіреді. Ендігі шаруаны өз мойнына алған Бақыт Жұлдыз Мұқағалиұлы мен ақынның нағашысы Нұрбол Құтпанбаев және «Қазақстан» телеарнасының журналисі Жаңыл ханымды түсіру тобымен таудағы тау мүсінге апарады. Келген қонақтар не айтар екен деп қобалжып жүрген Мұхамедтің әпкесі Динара Серікбаева:
– Аға, мына тау мүсін әкеңізге ұқсай ма? – деп сұрайды.
– Құдай-ау, әкеме қатты ұқсайды, әкем табиғатты сүюші еді, табиғат та әкемді сүйеді екен ғой, ары-бері өтіп жатқан халыққа сәт-сапар тілеп, тура Хантәңіріне қарап тұрғанын қарашы! – деп Жұлдыз аға толқып кеткен.
Арқасынан ауыр жүк түскендей болған Мұхамед «Қазақстан» телеарнасына сұхбат беріп, қарлығаштың қанатымен су сепкендей сауапты іс жасаған.
Елеусіз Ахметкерімұлы




