Алатау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік өтті. Бұл игі шара еліміздің барлық өңірлерінде бір мезгілде ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендердің тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Бүгін, 28 наурыз күні таңғы сағат 09:00-де басталған сенбілікке қала тұрғындары белсенді түрде қатысты. Шара барысында қала аумағындағы көшелер, аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған бастама тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, туған жерге деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етті. Қала халқы тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысып, қоршаған ортаға жанашырлық танытты.
Мұндай сенбіліктер қала келбетін жақсартумен қатар, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа деген ұқыпты көзқарасты нығайтады.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, қалдықтарды белгіленбеген орындарға төгу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес, мұндай әрекеттер үшін айыппұл қарастырылған.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбілік – әрбір тұрғынның қала тазалығына қосқан нақты үлесі. Таза әрі көрікті қала – тұрғындардың денсаулығы мен өмір сапасының кепілі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.




