Кеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған іс-шаралардың орындалу барысы және өзекті мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен кеңес барысында іске асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейі жан-жақты сараланып, түйткілді мәселелер талқыланды.
Жиынды аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ашып, жүргізіп отырды.
– Бүгінгі басқосу – ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын саралап, алдағы міндеттерді айқындайтын маңызды жиын. Актив отырысы – билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттырып, ортақ мақсатқа жұмылдыратын тиімді алаң. Біз үшін ең бастысы – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, тұрақты даму қарқынын сақтау және сенімді болашақ қалыптастыру. Осы мақсатта түйткілді мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша нақты әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз қажет, – дей келе ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен 2026 жылы атқарылатын жұмыстары туралы баяндады.
Бұдан соң ауданды дамытудың кешенді жоспары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және шешімін таппаған мәселелер бойынша аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы, құрылыс, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, ауызсу мәселелері жөнінде аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев, денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша аудандық аурухана директоры Қуаныш Байкубесов баяндаса, білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар турасында білім бөлімінің басшысы Мұратжан Қожанұлы тарқатып, айтып берді.
Кеңес барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев:
– Алдағы кезеңде Кеген ауданында жоспарланған міндеттерді толық әрі жүйелі орындау үшін барлық деңгейдегі құрылымдар мен қоғам өкілдері жұмыла жұмыс істеуі қажет. Бұл қадамдар халық табысын өсіруге, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына серпін береді. Негізгі мақсат – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және аудан экономикасының берік өсімін қамтамасыз ету, – деген ол білім, денсаулық сақтау, мәдениет және ауыл шаруашылығы бағыттарында сапаны арттыруға басымдық беріп, жаңа бастамалар мен тиімді жобалар жүзеге асырылуын тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы алда атқарылатын шараларды белгіледі. Бұл қатарда жобаларды іске асыру үшін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру, аудан елдімекендерін газдандыру, Саты ауылынан қар және жаңбыр суларына арналған дренажды канал қазу, Қарқара
ауылындағы «Қарқара» өзенінің және Алғабас ауылынан өтетін «Шелек» өзенінің жағалауын тереңдету, Бөлексаз ауылындағы еріген қар және жаңбыр суларын тосуға арналған каналды қалпына келтіру жұмыстары бар. Сондай-ақ білім сапасын арттыру, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.
Жиында қаралған мәселелер хаттамаға енгізіліп, жұмыстың уақтылы әрі сапалы орындалуы бойынша тапсырмалар берілді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





