Биыл Алматы облысынан 1800-ден астам ер бала әскер қатарына шақырылмақ. Олар көктемгі мерзімді әскери борышын өтеуге тиіс. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Алматы облысы Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары, полковник Дулат Әкішев мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, көктемгі әскерге шақыру науқаны 17 наурызда басталып, 30 маусымға дейін жалғасады. Осы кезеңде Алматы облысынан Отан алдындағы борышын өтеу үшін 18 бен 27 жас аралығындағы 1800-ден астам азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр.
Шақырылған азаматтар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне, сондай-ақ Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелеріне жіберіледі.
«Азаматтарды хабардар ету SMS-хабарламалар және eGov порталы арқылы жүзеге асырылады. Алынған хабарлама ресми шақыру қағазы болып есептеледі, сондықтан азаматтар белгіленген уақытта әскери комиссариатқа немесе шақыру пунктіне келуге міндетті. Ал келуден жалтарған жағдайда 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған», – деді полковник Дулат Акишев.
Әскерге шақыру жұмыстарын жетілдіру мақсатында «Smart военкомат» жобасы енгізілуде. Бұл жүйе әскери есепке алу процестерін автоматтандырып, шақырылушылар мен әскери міндеттілер туралы мәліметтердің нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медициналық тексеруден өткізу барысында «E-Медосмотр» ақпараттық жүйесі қолданылып, азаматтардың денсаулық жағдайы туралы деректермен жедел алмасу қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, мерзімді әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, несие төлемдерін кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі, сондай-ақ жоғары оқу орындарына ҰБТ нәтижелерін есепке алмастан мемлекеттік білім беру гранттары бойынша түсуге мүмкіндік жасалады. Бұдан бөлек, қызмет барысында сарбаздар оқу орталықтарында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгере алады.




