Ұйғыр ауданы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева да бүгінгі референдумда өз таңдауын жасады. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, абыроймен зейнетке шыққан соң да қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, аналардың төрағасы ретінде талай игі істің басы-қасында жүрген Гүлжаһан Кәкішқызы бүгінгі референдумға әр азамат қатысып, өз таңдауын жасауда белсенділік танытуы керек деп есептейді.
«Мемлекеттің дамуы азаматтарының қолында. Сондықтан біз демократиялық мемлекет ретінде, халық өз таңдауын жасауға құқылы болғандықтан барлығымыз келіп, өз белсенділігімізді танытуымыз керек. Елдің болашағы да, ертеңі де жастардың қолында. Біз аналар, ауданымыздағы жастарды да мұндай саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамыз» – дейді Гүлжаһан Кәкішқзыы.
Иә, бүгінгі референдумда біздің ақ жаулықты аналарымыз өз белсенділіктерін танытуда. Тіпті өздері ғана емес, ұл-қыздарын, 18-ге толған немерелерін ертіп келіп, дауыс бергендер де болды. Ұрпақ сабақтастығы деген де осы болса керек. Кейбір әжелеріміз кішкентай немере-шөберелерін ертіп келіп, бұл референдумның мақсатын, ондағы әркімнің рөлінің зор екенін түсіндіріп жатты. Мұны көргенде аналарымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі, ұлт тәрбиесіндегі рөлінің маңызын анық сезіндік.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




