Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында облыс көлемінде сенбілік өтті. Барлық аудан мен қалада ұйымдастырылған тазалық шарасына 30 мыңға жуық адам қатысты.
Сенбілікте бейберекет шашылып жатқан қалдықтар жиналып, арнайы техниканың көмегімен қоқыс төгетін орындарға жеткізілді. Сонымен қатар ағаштардың түбі әктеліп, 5640 түп тал отырғызылды, 45 гектар аумақ күл-қоқыстан тазартылып, 12 тонна қоқыс шығарылды.
Осы күні Қонаев қаласында ағаш отырғызу бойынша ауқымды акция бастау алды. Мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, көгалдандыру жұмысын жүргізу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру. Облыс орталығындағы 300-ден астам адам қатысқан игі шара Қонаев қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаевтың ақ батасымен басталды. Өз кезегінде сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы мұның тек ағаш отырғызу күні ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншіліктің, елге деген жанашырлықтың және келер ұрпақ алдындағы азаматтық парызымыздың жарқын көрінісі екенін айтты.

– Бүгінгі шараға жиналған қауымның бірлігі мен белсенділігі – ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің және жоғары азаматтық ұстанымның айқын дәлелі. Табиғатты қорғау, әрбір отырғызылған ағаш – болашаққа қалдырылған аманат, – деген облыс әкімінің орынбасары көпшілікті осы игі іске белсене атсалысып, туған жердің гүлденуіне үлес қосуға шақырды.
Қонаев қаласының С.Сейфуллин көшесіне қарағай мен көктерек көшеттерін отырғызу шарасына әкімдік, департаменттер мен басқармалар қызметкерлері, облыстық мәслихат депутаттары, ҚХА өкілдері, еңбек ардагерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар, еріктілер бір кісідей атсалысты.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының мәліметіне сүйенсек, алдағы уақытта бұл игі бастама жалғасын тауып, қалада 20 000 ағаш отырғызу жоспарлануда. Соның ішінде Сейфуллин көшесі бойына 3 мың түп тал егіледі.
Аталған бастамаға қолдау көрсету мақсатында барлық аудан мен Алатау қаласының аумағында да жасыл желектерді отырғызу және санитарлық тазалық жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы





