Талғар ауданы Еркін ауылындағы Байсерке әуе айлағында алда өтетін авиафестиваль қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. «Адам және ғарыш» деп аталатын ауқымды шараның бағдарламасы таныстырылып, мамандар әуе шоуының ерекшеліктері туралы кеңінен әңгімеледі. Аталған фестиваль адамзаттың ғарышқа алғаш рет ұшқанына 65 жыл толуына және Авиация мен ғарыш күніне орай өткізіледі.
Кездесу барысында алғашқы сөз кезегін алған Қазақстанның шағын авиация қауымдастығының президенті Өмірбек Кеңесбаев шараның басты мақсаты – авиацияға деген қызығушылықты арттырып, әуе кеңістігінің мүмкіндігін тек облыс тұрғындарына ғана емес, еліміздің басқа өңірлері мен шетелдік қонақтарға да көрсету екенін атап өтті.
- Біздің мақсатымыз – адамдардың авиацияға деген қызығушылығын арттыру. Шағын ұшақ тек көлік құралы ғана емес, белсенді демалыс, спорт және туризмнің бір бөлігі екенін көрсету. Адамзаттың ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толуы – әлемдік дегейдегі үлкен мерейтой. Осыған орай фестивальге қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов арнайы келеді деп күтілуде, – деді ол.
Бұдан кейін «Visit Alatau» ақпараттық орталығы директорының орынбасары Асқар Қасенов өңірде туризмді дамытуда мұндай ірі шаралардың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Оның пікірінше, халықаралық деңгейдегі авиациялық фестивальдер туристік әлеуетімізді арттырып, өңірге келетін қонақтар санын көбейтуге мүмкіндік береді. Баспасөз конференциясында «Тянь-Шань» авиациялық ұшу орталығы компаниясының бас директоры Владимир Анцупов әуе бағдарламасының мазмұнына тоқталды. Фестиваль аясында тәжірибелі ұшқыштар әуе техникасының мүмкіндігін паш етіп, көрерменге әсерлі көрініс ұсынбақ.
Пресс-тур барысында «Отан» әуе клубының басшысы Юрий Ельцов та ой-пікірін ортаға салды. Авиация саласында 1973 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Достық халықтары» орденінің және «Құрметті авиатор» төсбелгісінің иегері Юрий Сергеевич өз сөзінде:
- Авиациялық-техникалық спорт түрлері – тек ұшақтар мен тікұшақтар ғана емес, тұтас бір әлем деп айтуға әбден болады. Оның ішінде авиамодель де, парашют спорты да бар. Біздің міндетіміз – жастардың авиацияға қызығушылығын арттыру, отансүйгіштік рух қалыптастыру, – деді.
Баспасөз мәжілісін қорытындылаған авиафестивальдің ұйымдастырушысы Аэлита Федорова алдағы шараның мазмұны мен бағдарламасы туралы кеңінен әңгімеледі. Оның сөзінше, фестиваль отбасылық демалысқа арналған үлкен мәдени-ойын-сауық алаңына айналмақ.
- Шара аясында ашық аспан астындағы авиациялық музей, балаларға арналған анимациялық бағдарламалар, шеберлік сабақтары мен интерактивті ойын алаңдары жұмыс істейді. Бұдан бөлек, концерттік бағдарлама, фудкорттар және демалыс аймақтары да қарастырылған, – деді.
Баспасөз мәжілісінен кейін ұйымдастырушылар журналистерге ұшақтардың дайындығын көрсетіп, ауқымды шара өтетін аймақты толық таныстырды. Олардың айтуынша, Байсерке аспанын асқақ көңіл-күйге бөлейтін ауқымды шара қонақтарға тек әсерлі көрініс сыйлап қана қоймай, авиациялық әлеуетті көтеріп, өңір туризмін арттыруға мол мүмкіндік бермек.
Құралбек Сәбитов
Талғар ауданы




