Жамбыл ауданының Шиен ауылындағы №310 референдум учаскесінде осындағы «Қарлығаш» балабақшасының ұжымы да ұйымшылдық танытып дауыс берді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің қызметкерлері еліміздегі маңызды саяси шараның маңызын жете түсінетіндіктерін білдірді.
Балабақша меңгерушісі Наташа Әбілқызының бастауымен сайлауға бір кісідей қатысқан тәрбиешілер белгіленген тәртіппен таңдау жасады. Аталған балабақша сонау 1970 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында мекеме сан буын өкілін түлетіп, ауыз толтырып айтарлықтай талай жетістікке жеткен. Бүгінде мұнда еңбек ететіндер сол биікті сақтап, жас ұрпаққа сапалы тәрбие беру жолында нәтижелі жұмыс атқаруда. Мұнда бүгінде 3 топта 75 бала тәрбиеленуде. Шалғай ауылдағы білім шаңырағы елдімекендегі қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысады.
«Бүгін, мінекей, Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңына байланысты саяси шараға біздің педагогикалық құрам ғана емес, жалпы осында еңбек ететіндер ұйымшылдықпен түгел қатыстық. Себебі бұл саяси науқанның еліміздің болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білеміз. Сондықтан да «менің дауысым ештеңені шешпейді» деген немқұрайды көзқарастан аулақпыз», – дейді балабақша меңгерушісі Наташа Жанұзақова.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




