Бейжің-2008 Олимпиадасының күміс жүлдегері, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев дауыс берді
Кеген ауданының орталығындағы референдум учаскелерінде дауыс берушілер толассыз келіп жатыр. Аймақтағы танымал тұлғалар саяси науқаннан шет қалған емес. Олардың қатарында Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев та бар. Спортшы өзінің құқығын пайдаланып, таңдау жасау үшін Ө.Жаңабаев атындағы орта мектепте орналасқан №558 референдум учаскесіне жарымен келіп, өз дауысын берді.
– Еліміздің болашағын айқындайтын сайлауға келіп, дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Референдумға дауыс беру, кемел келешегіміздің іргетасын нығайтатын саяси шараға қатысу аудан тұрғындарының да азаматтық борышы деп білемін. Сіздерді де референдумға қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын, – дейді аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев
Аудан басшысының айтуынша, бүгінгі күннің ел тарихы үшін маңызы зор. Нағыз патриот мұндай маңызды шарадан шет қалмаулары тиіс, халық таңдауымен таразыланатын бұл сында еліміздің дамуы үшін артылар үміт көп. Сондықтан әрбір азаматтың дауысы маңызды екенін атап өтті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




