Еліміздің жаңа Конституциясын қабылдауға арналған референдумға Қарасай ауданының жұртшылығы үлкен дайындықпен келді. Бұл күні таң ата салысымен референдум учаскелеріне ағылған тұрғындар қатары осыны аңғартты.
Аудандағы барлық сайлау учаскелерінің алдында әсем әуен шырқылып, арнайы жасақталған сахналарда жергілікті өнерпаздар келушілерге тамаша көңіл-күй сыйлап жатты. Ал аудандық кітапхана мен Мәдениет үйінің жанынан ашылған жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы тауарларынан бастап, тәтті тағамдар мен қолөнер бұйымдары мерекелік ахуал қалыптастырды. Дауыс берушілер шарықтата шырқалған әндерден құлақ құрышын қандырып, осы күннен естелік ретінде түрлі әшекей бұйымдарын сатып алып жатты.
– Қарасай ауданында 231468 сайлаушы тіркелген. Олар 124 референдум учаскесінде дауыс береді. Барлық сайлау учаскелері талапқа сай жабдықталып, дауыс берушілерге күнтізбелік жоспарға сай шақырту қағаздары мезгілімен жеткізілген. «Асыл арман» сияқты көп қабатты тұрғын үйлерден тұратын шағын аудандарда кіреберіске шақыртулар ілінді.
Шетелдік бақылаушылардан алдын ала тапсырыс түспеді. Алайда «АMANAT» партиясынан, «Дауыс», «Тірек», «Жігер» қатарлы қоғамдық ұйымдардан тіркелген бақылаушылар барлық учаскелерде отырды десе болады. Жалпы референдум ешқандай тосын оқиғасыз, ұйымдасқан түрде өтіп, аудан халқының береке-бірлігін тағы бір көрсетті деп ойлаймын, – деді аудандық аумақтық сайлау комисиясының төрағасы Ғалия Аманова.
Иә, тәуелсіз мемлекетіміздің басты құжатын қабылдауға қарасайлықтар немқұрайды қарамағаны байқалады. Мерекеге келгендей киінген жұртшылықтың біразы қазақтың ұлттық киімдері мен әшекейлерін жарнамалай келгені де елдік сана мен ұлттық рухтың асқақтай түскенін аңғартса керек.
– Мен «АMANAT» партиясының өкілі ретінде қатыстым, – дейді №424 учаскесінің бақылаушысы Зәмира Жуасбаева референдумның өту барысы жайлы пікірін сұрағанымызда. – Дауыс беру ешқандай құқықбұзушылықсыз, заң талаптарына сай өтті. Адамдардың көтеріңкі көңіл-күйінен олардың қабылданайын деп жатқан Ата Заңға деген ризашылығын байқадым. Демек, біз дұрыс жолды таңдадық деген сөз.
Бұл күні біз аралаған референдум учаскелерінің барлығында да осындай мерекелік ахуал сезіліп тұрды. Дауыс беруге келушілердің қатары артқаны – қазақстандықтардың мемлекет болашағы мен өз өмірі мен саяси өзгеріске жауапкершілігінің артқаны деп ұқтық.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы





