Жамбыл ауданының Жамбыл ауылында Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты кең көлемдегі іс-шара ұйымдастырылды. Көктемнің шуақты күнінде тұрғындар көтеріңкі көңіл-күймен ауылдық Мәдениет үйінің алдындағы алаңға жиналып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғыртқан шат-шадыман сәттің куәсі болды. Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бақытжан Жайламысов халықты Наурыз мерекесімен құттықтап, аталған іс-шараны ұйымдастыруға белсенді қатысып, өз үлестерін қосқан бірқатар азаматты Алғыс хатпен марапаттады.
Мерекеге жиналған жұртшылыққа Жамбыл ауылдық округі бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Жақсынұлы Наурыз мерекесіне байланысты ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ осы ауылдың қадірменді қариясы, республикалық, облыстық батагөйлер байқауының жеңімпазы Әлқожа Масенов ата бата берді.
«Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекесі барысында қазақтың ұлттық ойындары ойналып, ән мен күй шырқалды. Әжелер ансамблі ауылдың алты ауызын айтып, ұлттық киімдегі биші қыздар мың бұрала биледі. Ақ дастарқан жайылып, Ұлыстың ұлы күнінің басты тағамы – наурызкөже ұсынылды. Дастарқан басында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, жастарға ізгі тілектерін жеткізді.
Бұл мереке ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, берекесін арттырған ерекше күн болды. Ұлыстың ұлы күні жамбылдықтар “Наурыз әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен шаттық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!” деген ізгі тілектерін бір-біріне жеткізіп жатты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы




