Наурызнама онкүндігіне орай 23 наурыз – Тазару күні ұлттық экологиялық науқанға арналған. Осыған байланысты республиканың түкпір-түкпірінде тазалық акциялары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданы да шет қалған жоқ. Бүгін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданға келіп, Түрген шатқалындағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қатысты.
Игі іске бастамашы болған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» РМК бас директоры Ануар Өскенбаевпен бірге еңбекшіқазақтықтар туған жердің табиғатын аялап, Түрген шатқалында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейтін халқымыз «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында Түрген шатқалындағы «Киелі бұлақтың» айналасын қоқыстан тазартып, жас шыбықтарды отырғызды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында туған жерімізді аялап, экологиялық мәдениетті дамыту, қоғам назарын табиғатқа бұру еліміздегі экологияға қатысты бірталай түйіткілді мәселенің шешімі болары сөзсіз. Осы бағыттағы іс-шаралар мен тазалық акцияларына белсенді қатысып, қолдау біодірген азаматтарға мың алғыс. Бүгін Алматы облысында алты жерде «Мөлдір бұлақ» акциясы қарқынды жүріп жатыр» – деді өңір басшысы Марат Елеусізұлы.
Аудандағы мекемелердің қызметкерлері, жастар мен еріктілер – бас-аяғы акцияға 300-ден аса адам атсалысып, әп-сәтте айналаға жаңа көрік беріп, табиғаттың жаңа жылмен бірге түлеп, жаңаруына өз үлестерін қосты.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




