Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Freedom Telecom» ЖШС жасасқан меморандум негізінде Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы Жастар саябағының аумағы толықтай тегін түрде Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілді. Бұл игілікті бастама ауыл тұрғындары мен қонақтарына демалыс уақытын заманауи талаптарға сай қолайлы әрі тиімді өткізуге мүмкіндік тудырғаны анық. Сөйтіп қолжетімді интернетке деген көптің арманы орындалды.
Осынау қуанышты сәтті бөлісу мақсатында саябақта арнайы жиын ұйымдастырылды. Шараға ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым қызметкерлері, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, белсенді жастар және осы жобаны іске асырушы орындардың басшылары мен арнайы өкілдері қатысып, ортақ қуанышқа куә болды. Маңызды іс шараға арналған салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Дидар Мұқаметжанов сөз сөйледі.
– Құрметті ауыл тұрғындары! Қадірлі меймандар! Бүгін біз үшін маңызды әрі қуанышты күн. Нарынқол ауылында заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту жолындағы тағы бір үлкен қадам – қоғамдық Wi-Fi желісі іске қосылып отыр. Бұл жоба – тек интернетке қолжетімділік емес, бұл – білімге, ақпаратқа, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды бастама. Енді ауыл тұрғындары мен қонақтары жоғары жылдамдықтағы интернетті еркін пайдаланып, күнделікті өмірін жеңілдететін заман талабына сай қызметтердің игілігін көре алады. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан осындай жобалар өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті азайтып, ауыл өмірінің сапасын арттыруға лайықты ықпал ететіні анық. Алдағы уақытта да осындай маңызды жобалар жалғасын таба беретін болады,-деген аудан әкімінің орынбасары тұрғындарды бүгінгі орны бөлек қуанышпен құттықтады. Осынау игі істің жүзеге асуына үлес қосқан цифрлық технологиялар басқармасының басшылығына, «Freedom Telecom» компаниясына ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бастығы Жандос Ақыл қолға алынып отырған игі бастаманың мән-маңызына айрықша тоқталды. Оның айтуынша, аудан орталығындағы халық көп шоғырланған аумақта 75 орынға арналған заманауи интернет желісінің орнатылуы –уақыт талабына жауап беретін маңызды мәселе. Бұл – тек бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да қажеттілігін қамтамасыз ететін жүйелі жұмыстың бір көрінісі.
Басқарма басшысы аталған жобаның мұнымен шектелмейтінін, цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса беретінін атап өтті. 2027 жылдың соңына дейін ауданның барлық ауылдары жаңа технологияның игілігін көретінін көпшілікті хабардар етті..
Жиын барысында «Freedom Telecom» компаниясының өкілі Айдос Шәйменов те көпшіліктің қуанышына ортақтастығын білдіріп, өзінің ізгі тілегін білдірді. Ауыл ақсақалы Ізтелеу Дабысбаев ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашуларын шашты.
Осылайша, ауыл тұрғындарының игілігіне арналған тың жоба аясындағы жаңа бастама көктемнің нұрлы шуағына шомылған көпшіліктің ризашылығын тудырып, ерекше көңіл күй сыйлады.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы





