Райымбек ауданы Шалкөде ауылдық округіндегі № 777 референдум учаскесінде өткізіліп жатқан референдумның барысы жайлы ауылдық округінің әкімі Олжас Қиясұлына жолығып білген едік.
– Олжас Қиясұлы, бүгін еліміз үшін маңызы зор саяси науқан – жаңа Конституцияның жобасына қатысты республикалық референдум өтіп жатыр. Ауылдық округте референдумды өткізу барысы қалай ұйымдастырылуда?
– Бүгінгі референдум ауылдық округте заң талаптарына сай жоғары деңгейде ұйымдастырылып отыр. Округ аумағындағы дауыс беру учаскелері өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастады. Сайлау учаскелері қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Бақылаушылар мен комиссия мүшелері өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Ең бастысы – тұрғындардың өз таңдауларын еркін білдірулеріне бар мүмкіндік қарастырылған.
– Референдум басталған сәттен бері дауыс берушілердің белсенділігі қандай деңгейден көрініп жатыр?
– Таң ертеңнен бері ауыл тұрғындары сайлау үйіне белсенді түрде келіп, өз таңдауларын жасауда. Әсіресе, аға буын өкілдері мен ақсақалдар, аналар лайықты таңдау жасауға зор ықылас танытуда. Бұл – ауыл тұрғындарының азамат ретіндегі жауапкершілігі мен ел болашағына деген жанашырлығының айқын көрінісі деп білемін.
– Референдум учаскелерінде дауыс берушілерге қандай жағдайлар жасалынуда?
– Дауыс берудің барлық талаптары сақталған. Комиссия мүшелері тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда бағыт-бағдар беруді басты назарда ұстауда. Сонымен қатар қарт кісілер мен мүмкінлігі шектеулі азаматтарға арнайы жағдайлар қарастырылып, еш қиындықсыз дауыс беруіне мүмкіндік жасалған.
– Ауыл тұрғындары бұл референдумнан қандай үміт күтеді деп ойлайсыз?
– Тұрғындар бұл саяси шараны ел болашағына жасалған маңызды қадам ретінде қабылдап отыр. Жаңа Конституцияның жобасы арқылы мемлекеттің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, әділетті қоғам қалыптастыруға жол ашады деген сенім бар. Сондықтан ауыл тұрғындары өз таңдауларын жасап жатқанынан елдің ертеңіне немқұрайды қарамайтынын көріп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Жұмабек Тәліпұлы
Райымбек ауданы




