Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ауданымызда бірнеше ақжолтай жаңалықтар болды. Солардың бірі – Ават және Тиірмен ауылдарында ашылған дәрігерлік амбулаториялар. Медициналық мекемелер есігін айқара ашып, ел игілігіне жұмыс істеуге табысталды.
Елімізде азаматтардың өмір сұру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырыла бастағанын, ол Бас прокуратура жанындағы активтерді қайтару жөніндегі комитеттің тапсырмасы шеңберінде қолға алынғанынан хабардармыз. Дәл осы қайтарылған активтер есебінен ауданымыздың Кіші Диқан, Тиірмен, Ават ауылдарына дәрігерлік амбулатория, Дардамты, Шырын елдімекендеріне фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталған. Бүгінде ондағы жұмыстар аяқталды. «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Ават пен Тиірмен ауылдарында ашылған дәрігерлік амбулатория ауылдағы әрбір тұрғынның медициналық көмекті дер кезінде алуына үлкен септігін тигізбек.
Қос ауылдағы қуанышқа Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова, аудан прокуроры Ғабит Тұрманов арнайы барып, ауылдағы ағайынның қуанышына ортақтасты.
Әуелі Ават ауылында ашылған дәрігерлік амбулаторияға ауыл тұрғындары көптеп жиналыпты. Қуаныштарында шек жоқ. Бұрын қабырғасы қақырап тұрған ескі ғимартта сығылыса отыратын ақ халатты абзал жандардың да жүзі жадыраңқы. Ғимарат құрылысын «Тунас» ЖШС жүргізген. Онда 50 келушіге дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Бір дәрігер мен 14 орта буынды қызметкер жұмыс істейді. Ал Тиірмен ауылындағы жаңа амбулаторияда бір дәрігер мен 13 орта буынды қызметкер халықтың денсаулығын сақтауға өз үлестерін қоспақ.
448,8 м2 аумақты алып жатқан екі ғимарат ішінде электрокардиограф аппараты, физиокабинет пен күндізгі бөлімге арналған төсек-орын, арнайы қан талдауын алатын бөлме, сақтау орындары, әйелдерді қарау бөлмесі сынды алғашқы көмек көрсетуге қажетті жабдықтар мен бөлмелер қарастырылған.
Аудан әкімі Бота Серікқызы мен аудан прокуроры Ғабит Қонысбекұлы және ауыл ақсақалдары ақжарма тілектерін ақтарды. Ұлы мереке қарсаңында ашылып отырған дәрігерлік амбулаториялардың тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, аурудың алдын алуға өз септігін тигізетініне сенім білдірді. Қариялар ақ батасын берсе, әз әжелер шашу шашып, тойдың көрігін қыздырды. Келген қонақтар әр кабинетті аралап көріп, ризашылықтарын білдіріп, осы құрылыстың жүруіне үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы




