Бүгін елімізде республикалық референдум өтіп жатыр. Дауыс беру барысы ашықтық пен заңдылық қағидаларына сәйкес жүргізілуі үшін әрбір ұйымнан қатысып отырған байқаушылар белсенділік танытуда.
Осы орайда Қонаев қаласындағы №946 референдум учаскесінде болып, облыстық Ауған соғысы ардагерлері одағының атынан келіп, байқаушылық міндетін абыроймен атқарып отырған Зарыққан Есілбаевтың пікірін білген едік.
– Референдум учаскесі сағат 07:00-де Мемлекеттік Гимн шырқалған соң, учаскелік комиссия төрағасы Гүлмира Несіпбайқызы жиналған жұртты саяси науқанның басталуымен құттықтады. Ең алғашқы болып келіп таңдауын жасаған Ерлан Чукубаевқа сый-сияпат табысталды. Сонымен бірге кәмелет жасына толып, алғаш рет дауыс берген жастарға да тарту-таралғы жасалды.
Бүгінгі референдум барысы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Комиссия мүшелері сайлаушыларды тіркеу, бюллетеньдерді беру және дауыс беру тәртібін сақтау жұмысын асқан жауапкершілікпен атқаруда. Сондай-ақ дауыс берушілердің белсенділігін де атап өткен жөн. Әсіресе сағат 9:00-ден 13:00-ге дейінгі уақытта лек-легімен келіп, ел болашағы үшін таңдау жасады. Ешқандай заңбұзушылық орын алмады. Келеңсіз жайттар болмады. Осылайша дауыс беруге келген әр адам өзінің азаматтық парызын орындағанына куә болдық, – деді Зарыққан Әбілқасымұлы.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




