Жания Жылқыманова – Шонжы ауылының тұрғыны. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагері. Мүмкіндігі шектеулі жан. Ол бүгінігі референдумда таңдау жасау үшін дауыс беру учаскесіне барғысы келген. Бірақ жүріп-тұрудың қиындығы қолбайлау болды. Дегенмен елмен қатар учаскеге барып таңдау жасағысы келген соң өзі жұмыс істеген орталық арқылы инватакси қызметін пайдаланды.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қызметкерлері Жания апаны үйінен алып кетіп, №929 референдум учаскесіне алып барып, таңдауын жасауға көмек қолдарын созды. «Бүгін мен референдумға қатысып, өз таңдауымды жасадым. Референдумға келуге де, ол жерде дауыс беруге де қолайлы жағдай жасалыпты. Әрбір азамат ел болашағы үшін өз таңдауын жасауы керек. Бұл бәрімізге ортақ міндет» – дейді Жания апамыз. Бұл күні инватакси қызметі тағы да екі азаматқа көрсетілді. Өздігінен жүріп, тұра алмайтын жандар учаскеге келіп, таңдауларын жасады. Олар осындай жағдай жасаған азаматтарға алғысын айтты. Құқықтық, әделетті мемлекеттің негізін қалауға өз үлестерін қосқандарына да ризашылықтарын білдіріп жатты.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы




