Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне орай ұйымдастырылған кеште аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев қоғамның әр саласында қызмет атқарып жүрген бұрымдыларды 8 наурыз мерекесімен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
Ең әуелі мерекелік шара ана қасиетін ардақтаған, өсиетін өнеге тұтқан жандардың сезім қылын шерткен сахналық қойылымнан басталды. Белі бүгілсе де, сенімі сетінемеген қарт ананың қайсар бейнесі көп көңілін толқытып, әр жүректі әлдилеп бара жатты.
Жүрек тебірентерлік көріністен соң сахнаға көтерілген облыс әкімі Марат Елеусізұлы отбасының берекесі, қоғамның тірегі, ұлттың ұйытқысы болған жандарға ақ тілегін ақтарды.
Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекетімізде гендерлік теңдікті нығайту, аналар мен балаларды қорғау, әйелдердің кәсіпкерлікке және қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықығын қорғау мен олардың әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президентіміз: «Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі рөлі орасан зор. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді», – деп атап өткен болатын. Тең мүмкіндіктер саясатының нақты көрінісін халқының тең жартысын әйелдер құрайтын Алматы облысының дамуынан айқын байқауға болады. Облыста мемлекеттік органдар мен ірі компанияларда басшылық қызмет атқарып жүрген, сондай-ақ кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген әйелдер аз емес. Мәселен, өңірдегі басқару саласында әйелдердің үлесі – 27%-ды, мемлекеттік қызметтегі қыз-келіншектердің үлесі – 48%-ды құрайды. Бұл – әйелдердің қоғамдық өмірдегі белсенділігінің айқын көрсеткіші. Ең бастысы, нәзікжандылар кәсіби жетістікті ана ретіндегі қасиетті міндетімен ұштастыра білуде. Бүгінде облысымызда 58 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Оның ішінде 19 мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік пен еңбекқорлық, білімге құштарлық сынды асыл қасиеттерді сіңіріп, ел болашағын қалыптастыруда. Осындай жандардың еңбегі барлық құрметке лайық. Баршаңызды көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыс әкімі.
Айтулы шарада аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін еңбек ардагері Роза Исатаева мен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Зәуре Құсайынованы «Құрмет» орденімен марапаттаса, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева мен жеке кәсіпкер Махинур Таиповаға «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Бұдан басқа да әр саларда елеулі еңбек еткен әйелдер қауымына облыс әкімінің Құрмет грамотасы берілді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласып, елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары мерекелік басқосуға келген аруларға айрықша көңіл-күй сыйлады.
Ерзат АСЫЛ



