Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы құрамындағы 6654 әскери бөлімінде оқу батальонына қабылданған 74 сарбаз көздеуші мамандығы бойынша бақылау тексеріс сабағында қорытынды емтихан тапсыруда. Бұл – олардың бірнеше айлық жүйелі даярлығының нәтижесін айқындайтын маңызды кезең.
Көздеуші мамандығы әскери саладағы аса жауапты бағыттардың бірі саналады. Себебі ұрыс жағдайында қаруды дәл бағыттау, нысананы айқын анықтау және шешімді шұғыл қабылдау – бөлімшенің жауынгерлік тапсырманы сәтті орындауына тікелей әсер етеді. Сондықтан оқу барысында сарбаздарға жоғары талап қойылып, олардың кәсіби біліктілігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Даярлық кезеңінде жас жауынгерлер қару-жарақтың құрылымы мен тактикалық-техникалық сипаттамаларын терең меңгерді. Сонымен қатар, атыс дайындығы, тактикалық іс-қимылдар, ұрыс алаңындағы қауіпсіздік шаралары жан-жақты пысықталды. Теориялық білім тәжірибелік сабақтармен ұштасып, әр сарбаздың машығын жетілдіруге бағытталды. Арнайы оқу орындарында ұйымдастырылған жаттығулар олардың дәлдік, төзімділік және шапшаңдық қабілеттерін арттырды.
Бақылау тексеріс сабағы барысында сарбаздар белгіленген нормативтерді орындап, қарумен жұмыс істеу дағдыларын, нысананы дәл көздеу қабілетін және уақыт талабына сай әрекет ету шеберлігін көрсетуде. Әрбір тапсырма – жауынгердің жеке дайындығы мен жауапкершілігін айқындайтын сын. Нұсқаушылар тарапынан әділ бағалау жүргізіліп, әр қатысушының білімі мен икемі сарапқа салынуда.
Әскери бөлім басшылығының айтуынша, білікті көздеушілерді даярлау – бөлімнің жауынгерлік әлеуетін арттырудың маңызды бөлігі. Себебі дәлдік пен қырағылық – әскери қызметтің негізгі тіректерінің бірі. Қатаң тәртіп пен жүйелі дайындықтың нәтижесінде бұл сарбаздар алдағы уақытта өз бөлімшелерінде сенімді маман ретінде қызмет атқармақ.
74 сарбаз үшін бұл емтихан – үлкен жауапкершілік пен сенімнің көрінісі. Олар оқу барысында жинақтаған білімдері мен тәжірибесін іс жүзінде дәлелдеп, Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқаруға дайын екендерін көрсетуде.
6654 әскери бөлімінде өтіп жатқан қорытынды емтихан – жас жауынгерлердің кәсіби қалыптасу жолындағы маңызды белес. Бұл сынақтан сүрінбей өткен сарбаздар алдағы уақытта ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде өз үлестерін қосары сөзсіз.
Умиджан Имамжанов,
6654 әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник




