Туған жерден тұрақ тауып, жан сырын әнге арқау еткен, қазақ өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Жақсылық Әбдірамановты Кеген жұртшылығы жақсы таниды. «Кегенге кел», «Кегенімді сағындым», «Мақтан етем» сынды әндері таулы өлкенің келбетін көз алдыңа елестетіп, өңірден шыққан айтулы тұлғаларды еске түсіреді.
Кеген аудандық Мәдениет үйінде Жақсылық Шәмиұлының 80 жасқа толуына орай, «Кегенім – өмірім, өнерім» атты мерейтойлық кеш өтті. Үлкендері ардақты, ұл-қыздары жан-жақты, береке мен бірліктің тұтқасы болған елдің ерін сағынып қалғандығы сыртта жиналған адам қарасынан-ақ аңғарылып тұрды. Жылысай ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Болат Таубалдиев мерейтой иесіне ақ батасын берді. Ағайын-туыс астына әбзелді ат мінгізді. Жиналған көпшілік Мәдениет үйі фойесіндегі кітап көрмесін тамашалағаннан кейін көрермен залына бас сұқты.
Игі шараға Жақыпжан Нұрғожаев, Омар Қиқымов, Рамазан Стамғазиев, Босатқан Ұлдарбеков, Тұрсынгүл Мұқанова, Нағима Таласбаева сынды осы өңірден түлеп ұшқан айтулы азаматтар арнайы келді. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев сазгерді құттықтап, иығына шапан жапты.
– Бұл кеш – Жақсылық ағамыздың еңбегіне көрсетілген халықтың құрметі, – дей келе, мерейтой иесін «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Бұдан кейін Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізованың құттықтау хатын аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы табыстады. Сондай-ақ облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы Нұрмаман Оқас «Тіл жанашыры» төсбелгісін тапсырды.
Кеш тізгінін ақын Аршын Нұрбақыт ұстады. Шара шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы «Дариға-дәурен» әнімен ашылды. Өнер қайраткері ұстазы Жақсылық Шәмиұлына ыстық ықыласын жеткізді. Кеште ән мен жырдан шашу шашылып, махаббатқа толы лириканың әсем келбеті үйлесті.
Шара барысында Жақсылық Әбдірамановтың «Кегенім – өмірім, өлеңім!» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жақыпжан Нұрғожаев, Омар Қиқымов, Босатқан Ұлдарбеков, Тұрсынгүл Мұқановалар сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді.
Композитор көпшілікпен емін-еркін сұхбат құрып, әндерінің тарихы, шығармашылық кезіндегі қызықты оқиғалармен бөлісті. Мәдениет саласының өкілдері Бақытжан Құсайынов, Бахаргүл Айтбаева, Шәмші Мәжит композитор әндерін әуелете шырқады.
Аудан өнерпаздары жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, шара соңы Мақсат Бөтеевтің орындауындағы сазгердің «Кегенге кел!» әнімен аяқталды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




