Жыл он екі айдың ішіндегі ең қадірлі, ең қасиетті ай – Рамазан. Бұл ай мұсылман үмбеті үшін жай ғана уақыт бөлігі емес, бұл – рухани серпіліс кезеңі, жүрекке иман нұры құйылатын, күнәлар кешірілетін, сауаптар еселенетін берекелі, мүмкіндікке толы сәт.
Алла-Тағала қасиетті Құранда: «Рамазан айы – адамдарға тура жол көрсететін, ақ пен қараны айыратын дәлел ретінде Құран түсірілген ай» (Бақара сүресі, 185-аят), – деп баяндайды. Бұл аят Рамазан айының ең үлкен ерекшелігін көрсетеді. Ол – Құран айы. Сондықтан бұл айда
Құран оқуға, оны түсінуге, өмірімізге енгізуге ерекше мән беру – әрбір мүміннің міндеті. Құран оқылған үйге тыныштық орнап, береке кіреді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Кімде-кім Рамазан айында иманмен және сауаптан үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі». Бұл хадис Рамазанның мүмін үшін үлкен мүмкіндік екенін айқын көрсетеді. Ораза – тек аш жүру емес. Ораза – нәпсіні тәрбиелеу, сабырды шыңдау, мінезді көркемдеу. Күндіз ішіп-жеуден тыйылған адам
тілін ғайбаттан, көзін харамнан, жүрегін жаман ойдан сақтағанда ғана оразаның шынайы мәніне жетеді.
Рамазан – сабыр мектебі. Аштық пен шөл адамға әлсіздігін сездіреді. Пенде өзінің Аллаға мұқтаж екенін түсінеді. Бұл айда адам шүкіршілік етуді үйренеді. Әрбір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін терең сезінеді. Сондай-ақ Рамазан – мейірім мен қайырымдылық айы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазан келгенде ең жомарт адамға айналатын. Бұл – бізге үлкен үлгі. Мұқтаждарға көмектесу, садақа беру, пітір тарату қоғамдағы бауырмалдықты арттырады. Аш адамның халін түсіну арқылы жүрек жұмсарады.
Рамазан түндері – ерекше түндер. Тарауық намазы – жүрекке тыныштық сыйлайтын құлшылық. Ал Қадір түні – мың айдан қайырлы түн. Алла-Тағала «Қадір» сүресінде: «Қадір түні мың айдан қайырлы», – деп сүйіншілейді. Бұл түн – тағдыр жазылатын, дұғалар қабыл болатын, періштелер жерге түсетін қасиетті түн. Мүмін үшін бұл – өмірін өзгертуге берілген алтын мүмкіндік. Егер біз Рамазанды шынайы ықыласпен өткізсек, ол біздің бүкіл жылымызға әсер етеді. Рамазан – бір айлық мектеп. Ал оның жемісі он бір ай бойы көрінуі керек.
Қорытындылай келе, Рамазан – кешірім айы, мейірім айы, Құран айы, сабыр айы. Бұл – жаннатқа жақындататын ерекше мүмкіндік. Әрбір мүмін осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, Алланың разылығына жетуге ұмтылуы тиіс. Алла-Тағала баршамызға Рамазанның берекесін сезінуді, оразамыз бен намазымызды қабыл етуді, Қадір түнінің сауабынан құр қалдырмауды нәсіп етсін!
Абзал ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Досалы баба» мешітінің имамы
Текес ауылы,
Райымбек ауданы



