Референдум күні облыстық қоғамдық-саяси «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері Зәбира Сайділдина өз таңдауын жасады. Ол Қонаев қаласындағы дауыс беру учаскесіне барып, ел үшін маңызды саяси науқанға қатысты. Зәбира Дайранқызы мұндай тарихи сәт әр азаматқа ел тағдыры алдындағы жауапкершілікті сезіндіретінін атап өтті.
«Мемлекеттің келешегі туралы сөз болғанда, сырттай бақылаушы болып қалуға болмайды. Референдумда әр адамның дауысы маңызды» – деді ол.
Ұзақ жыл республикалық және облыстық баспасөзде қызмет еткен Зәбира Сайділдина отандық журналистиканың дамуына зор үлес қосып келеді. Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, бірнеше медиа жобалардың авторы. Редакциялық қызметпен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласады.
Оның айтуынша, азаматтардың референдумға қатысуы қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтады.
«Бүгін әрқайсымыз болашаққа маңызды қадам жасап жатырмыз» – деді «Огни Алатау» басылымының бас редакторы.




